420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мәжіліс мәдениет мәселелеріне қатысты заң жобасын мақұлдады

  • 86
  • UPD: 14:25, 16.09.2020
Мәжіліс мәдениет мәселелеріне қатысты заң жобасын мақұлдады

Бүгін Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Мәжілістің жалпы отырысы өтіп, бірқатар заң жобасы мақұлданды.

Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы.

Бұл құжаттағы жаңашылдықтың бірі мәдени іс-шараларды ұйымдастырушылардың музыкалық шығармаларды орындаушылардың фонограмманы қолдануы туралы көрермендерге хабарлау талабына қатысты.

Заң жобасы бойынша концерт ұйымдастырушылар фонограмма туралы алдын-ала хабарлауы міндетті болады. Осы ретте, фонограмма мәселесіне қатысты халықаралық тәжірибені алға тартқан Мәжіліс төрағасы депутаттар ұсынған фонограмманы қолдану туралы ұйымдастырушылардың көрерменге хабарлау міндеттемесін белгілейтін норманы қолдады.

- Егер заң жобасының үкіметтік нұсқасында фонограмманы пайдалану туралы ақпараттандыру міндеттемесі ұйымдастырушы мен орындаушылар арасында айқын болмаса, онда депутаттар нақтылауды ұсынып отыр. Біріншіден, бұл ұйымдастырушының міндеті. Екіншіден, ұйымдастырушы алдын ала концертте фонограмманың болатыны-болмайтыны туралы көрерменге хабарлауға міндеттігі, - деді Нұрлан Нығматулин.

Фонограммаға қатысты сөзін қорытындылай келе:

- «Қисық арба жол бұзады», - деп қазақ халқымыз айтқандай, өнер әрқашанда таза болу керек. Әнді жанды дауыста айтқаны дұрыс. Ал фонограмма болса, оны алдын ала ескертуі қажет. Және билеттің бағасы да соған сәйкес болуы керек. Одан кейін халық өзі шешеді, ол концертке бара ма, бармай ма? Әрине, концерт жанды дауыста болса әншіге халықтың бағасы да, құрметі де жоғары болады, - деді Нұрлан Нығматулин.

Айта кету керек, заң жобасы кітапхана ісі, мәдениет ұйымдарының қызметі, шығармашылық одақтар мен баспа ісі аясында мәдениет саласын дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында әзірленген, деп хабарлайды Мәжілістің баспасөз қызметі.

Заң жобасында Қазақстанның бүкіл кітапхана желісін цифрлық форматта біріктіруге мүмкіндік беретін бірыңғай ұйымдасқан және технологиялық жүйе ретінде Қазақстан ұлттық электрондық кітапханасын қалыптастыру тәртібін айқындау көзделеді.

Сонымен қатар, Палата Қазақстан мен Украина арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады. Шартқа сәйкес тараптар көмек туралы сұрау салу берілген кезде Сұрау салушы тараптың құзыретті органдарының юрисдикциясына жататын қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша біріне-бірі барынша құқықтық көмек беруге міндеттенеді.

Шартты ратификациялау Қазақстан мен Украинаның қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастығының тиімділігін арттырады. Сондай-ақ, бүгінгі отырыста Мәжілістің бейінді комитеті «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне жер қойнауын геологиялық зерттеу мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын жұмысқа алды.

Хабар 24 телеарнасы