427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Астана Балет» медицина қызметкерлеріне арнап қайырымдылық концерттер өткізеді

  • 150
  • UPD: 13:02, 21.09.2020
«Астана Балет» медицина қызметкерлеріне арнап қайырымдылық концерттер өткізеді

Биыл күзде «Астана Балет» өз көрермендерімен театр қабырғасында қайта қауышады.

Сегізінші театр маусымы медицина қызметкерлеріне арналған он қайырымдылық концерттен басталмақ. Ұжым концерттерді астана мен өзге де аймақтарда өткізеді.

«Осы арқылы талай уақыттан бері жандарын шүберекке түйіп, адамдардың денсаулығын сақтап, өмірін арашалап қалу үшін еңбек етіп жүрген дәрігерлерімізге алғысымыз бен құрметімізді білдірмекшіміз. Осы іс-шараны мейлінше көп дәрігерлер қауымының тамашалауына жол ашу үшін Мәдениет және спорт министрлігінің және Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған он қайырымдылық концерт еліміздің түрлі қалаларында өтеді. Көрермен қауымды қабылдаған кездегі зор жауапкершілікті сезіне отырып, дайындыққа ерекше көңіл бөлдік, бүкіл санитарлық нормаға сәйкес келушілердің жүріп-тұру және залға жайғасу алгоритмін жасап шықтық», - деді «Астана Балет» театрының директоры Александр Совостьянов.

Концерттік бағдарламаға театрды әйгілеп тұрған жарқын спектакльдер енген. Солардың бірі – «Ұлы дала мұрасы» дивертисменті. Мұнда қазақ ұлттық биінің көркем сипаты, қуаты мен экспрессиясы барынша көрініс тапқан.

«Өнер адам баласына әсер етіп, оның рухын көтеріп, жанын жадырата алатын күшке ие. Біз жарқын әрі әдемі қойылымдарды дайындадық. Мұндағы мерекелік көңіл-күйді көрермендерімізбен бөліспекшіміз. Оның үстіне, бұл жолғы қонақтарымыз – дәрігерлер қауымы. Осы арқылы біз олардың орасан еңбектеріне құрметіміз бен алғысымызды білдірмекшіміз. Әртістер осы кездесуді асыға күтуде, тіпті, белгілі бір дәрежеде қобалжу бар. Оларға сахна, көрермен қауым, қошемет жетіспей тұрды. Арадағы осы байланыс оларға күш дарытып, бар мүмкіндігін сарқып өнер көрсетуге шабыттандырады», - деген ойымен бөлісті театрдың бас балетмейстері Мукарам Авахри.

Айта кетерлігі, алдағы айда «Астана Балет» театры қалың көпшілікке спектакльдерін тарту етпек. Көрермен қауымға бірнеше премьера көрсетіледі, солардың ішінде қазақстандық балетмейстер Анвара Садықованың «Желтораңғы туралы аңыз» қойылымы бар.

Хабар 24 телеарнасы