432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Астана Опера» жаңа маусымды офлайн режимде ашты

  • 153
  • UPD: 13:38, 26.09.2020

«Астана Операның» балет ұжымы карантиндік шектеуден кейін алғаш рет сахнаға шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осылайша, жаңа маусымды офлайн режимде ашты. Бірақ көрермен санында шектеу бар. Санитарлық талап сондай.

Талғатбек Әбдіқожа, тілші:

- Театр киім ілгіштен емес, дене қызуын өлшеуден басталады. Биылғы талап сондай. Температураңыз қалыпты болса ғана қолды антисептикпен жуып, ішке енесіз. Әдетте ине шаншар орын болмайтын үлкен залда бүгін көрермен аз. Келмей қалды демеңіз. Шектеу сондай. Санитарлық талап пен әлеуметтік арақашықтықты сақтау үшін залға 50 көрерменнен артық адам кірмейді. Ал қалғаны қойылымды онлайн тамашалайды. Балет әртістері «осыған да шүкір» дейді. Себебі сахнаны сағынған. Айтуларынша, карантин кезінде үйде жаттығып, торда қамалған тотыдай қиналған. Енді үлкен сахнада еркін құстай мың бұралып жүр.

Бақтияр Адамжан, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры жетекші балет солисі:

- Кішкене өзгерістер болды. Артық салмақ қосылды. Бірақ оның бәрі бір жағынан бізге зиян. Екі түрлі. Жақсылығы да бар, жаманшылығы да бар. Әрине, зияны көбірек. Сахнаға шыққанымыз керек.

Маусымның ашылуына балет ұжымы толық құрамда қатысты. Көптен бері көрермен алдына шықпағандықтан, көбі қобалжып жүр. Көрермендер де әрқайсын ерекше ықыласпен қарсы алып, құрмет көрсетті. Биыл балет труппасының бағдарламасы да өзгеше. Ұжым репертуарынан классикалық, неоклассикалық, заманауи қимыл-қозғалыс пен ұлттық би өнерінің де элементтерін байқауға болады.

Алтынай Асылмұратова, «Астана Опера» МОБТ балет ұжымының жетекшісі:

- Шектеу шаралары болғандықтан, екі бөлімде немесе екі балетті ұсына алмаймыз. Бізде заманауи классика, неоклассикалық дуэт сынды балеттің түрлі элементтері бар ұзақ қойылым бар. Басты мақсатымыз барлық солистердің сахнада өнер көрсетіп, үнемі бабында болуын қадағалау.

«Астана Опера» ұжымы алдағы уақытта көрермендерді жаңа қойылымдармен қуантамыз деген үмітте. Әрине, елдегі эпидахаул тұрақты болса. Коронавирусқа байланысты олар ауқымды жобаларын кейінге шегеруге мәжбүр болған.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Динара Абдирова, Асхат Қарақойшиев

 

Хабар 24 телеарнасы