432,62 508,50 5.48
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістанның турист тарту әлеуеті зор

  • 140
  • UPD: 18:42, 26.09.2020

Түркістандағы негізгі ғимараттардың құрылысы аяқталған соң бұл жерге 2 жарым миллион турист келетін болады. Қалада әлеуметтік инфрақұрылыммен бірге туристік жобалар қатар дамып жатыр. Тұтас түркі дүниесінің бойтұмары саналатын шаһарға келген саяхатшы біраз уақыт аялдап қалу үшін қолайлы жағдай жасалады.

Ғалия Тілеуқабылова, Алматы қаласының тұрғыны:

- Кіргенде Түркістанға... бұрынғы Түркістан  емес общым. Новостройка салынып жатқан, үйлер кереметтей. Екі жылдың ішінде мынандай өзгереді деп ойламағам. Таң қалып жатырмын өзім де.

Расымен қазіргі Түркістан таң қалдырады. Қалаға кірген бетте-ақ өзгеріп сала берген шаһар келбеті тәнті етпей қоймайды. Бір ерекшелігі құрылыстың өз мәнері бар әрі ол Қазақстанның бірде-бір қаласына ұқсамайды. Салынған ғимарат Қожа Ахмет Ясауи кесенінен биік болмауға тиіс. ЮНЕСКО-ның бұдан бөлек нысанның аумағына, архитектуралық кескініне қатысты бірнеше талабы бар. Бүкіл талап бұлжытпай орындалып жатыр.

Тоқтар Үсіпәлиев, Түркістан облысы құрылыс басқармасының басшысы:

- Қожа Ахмет Яссауи музейі мұның биіктігі 33 метрдей сондай болған еді, олардың талабына сәйкс 27 метрге дейін төмендетілді. Сондай шектеулер бар, сол шектеулерді орындадық. Соған сәйкес жобалар іске асып жатыр.

Былтыр келген адамның биыл көзіне оттай басылатын үлкен өзгерістің бірі мәдени-рухани орталықтың құрылысы. Кесені аумағы, нақтырақ айтсақ, 98 гектар жерде 30 нысан салынады. Сол отыздың алтауы биыл тапсырылады. Карантин шамалы қолбайлау болғаны рас, дегенмен құрылыс уақытынан кешіккен емес. Кесенеге қарама-қарсы бетте  қазір «Ұлы дала» орталығы, «Ясауи музейі», Туризм университеті, кітапхана, қонақ үйлер мен саябақтар бой көтеріп жатыр. Серуендеп жүрген саяхатшы  бұрынғыдай бір күнде келіп-кетпей, біраз уақыт аялдайтын болады, сол үшін барлық жағдай жасалмақ.

Рашид Аюпов, Түркістан қаласының әкімі:

- Келесі жылға өте үлкен әлемде мұндай жоба жоқ керуен сарайы деген, бұл да елбасының тікелей тапсырмасымен салынып жатыр. 100 пайыз инвестиция салу арқылы, жалпы ол жер тұрақты 3 мыңға жуық жұмыс орындары болатын болады. Оның ішінде кинотеатры бар, қайықпен жүретін жерлері, сауда және басқа бағыттары бар жалпы.

Өңірдің экономикалық өрлеуі туризммен байланысты. Қазірдің өзінде Түркістанға жылына 1,5 млн турист келеді. Келешекте негізгі ғимараттардың құрылысы толық аяқталған соң, мұнда сапарлайтын саяхатшылардың саны 2,5 млн-нан асады деп жоспарланып отыр.

Екі жылдың шамасы болып қалған еді келгеніме, енді келгенім... кеше де бір келіп аралап кетіп едік, бүгін де немерелерді алып аралатып жүрміз. Жақсы бәрі. Тамаша, өзгеріс күшті болып жатыр екен.

Сейіт Темірбек, Түркістан тұрғыны:

- Халықтың өзі де мәдениеттілікке ... келген халыққа қарап көп өзгеріс тудырып жатыр.  Келген халықтың мәдениеті жоғары болып келгеннен кейін адамдар да соған қарап бейімделеді екен. Жүріс-тұрысы, сәлемі бәрі.

Шығыстық сипатта, заманауи үлгіде салынған мына аумақ – әкімшілік-іскерлік орталық деп аталады. Мұндағы 89 нысанның біразы былтыр тапсырылды, биыл тағы 23-і салынып бітеді. Неке сарайы, музыка мектебі, халыққа қызмет көрсету орталығы, әкімдік ғимараты, тұрғын үйлер, стадион... бұлардың бәрі жаңа. Тұрғындардың тұрмысы үшін қажет негізгі әлеуметтік нысандардың барлығы жұмыс істеп тұр.

Рашид Аюпов, Түркістан қаласының әкімі:

- Түркістан қаласының бюджеті 2018 жылы бар-жоғы 34 млрд болатын болса, бүгінгі күнде тек қаланың бюджеті 149 млрдқа жетіп отыр.  Мұның басты бөлігі әрине құрылыс. Және үлкен компаниялардың Түркістан қаласына келіп жұмыс істеуі.

Қала құрылысына жұмсалып жатқан қаржының 53 проценті – инвесторларға тиесілі. Осы уақыт ішінде барлығы 24 мыңға жуық жұмыс орны ашылған. Әкімдіктегілердің айтуынша, кейін – құрылыс аяқталған соң тұрақты түрде  он мыңнан астам адам жұмысқа алынады. Инфрақұрылымға қарастырылған қаржы да қомақты. Соның арқасында биыл тағы 88 көшеге асфальт төселеді, 100 процент газ тартылып, 98 процент сумен қамтылады. Қазірдің өзінде млн-нан астам ағаш отырғызылды. Саябақтардың көптігі – Түркістанның бір ерекшелігі болады.

Бекжігіт Сердәлі, Түркістан қаласының тұрғыны:

- Бір кездері сәл ғана жел тұрса, шаң борайтын, қаңбақ жүгіретін еді, бүгінде Түркістан көз алдымызда күн сайын өзгеріп келе жатыр. Міне біздің Түркістан осылай түгелденіп келе жатыр. Мұның барлығы Елбасымыз – Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың тікелей Түркістанға көңіл бөлуінің арқасында болып отыр.

Бас жоспарға сүйенсек, қаланы дамыту мерзімі 2050 жылға дейін есептелген. Құрылыстың негізгі бөлігі 2025 жылға қарай бітеді. Барлық өңір көне Түркістанды жаңа Қазақстанның шамшырағына айналдыруға атсалысып жатыр.

Авторлар: Д.Әбдуахит, Е.Ермекбаев

Хабар 24 телеарнасы