427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өзбекстанда қазақ мәдени орталығын салып жатқан азамат қандастарынан көмек сұрайды

  • 239
  • UPD: 15:12, 27.09.2020

Өзбекстанда тұратын қандас бауырымыз қазақ мәдени орталығын салып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жақсылық Жорықбаев қазақ жастары арасында ұлттық мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді дәріптеу үшін орталық ғимаратын өз есебінен тұрғызбақшы еді. Алайда қазір құрылыс тұралап қалған көрінеді. Енді ол атажұртынан көмек сұрап отыр.

Жасын Біркенов, тілші:

– Бұл – Ташкенттен 40 шақырым жерде орналасқан Шыршық шаһары. Қазір мұнда 25 мыңдай қазақ түтін түтетіп отыр. Мына қалада тұратын әр бір қандасымыз сандығына сақтап отырғанын әрқашан мейманына беруге дайын. Ал біз баратын үй – Жақсылық Жорықбаевтың шаңырағы.

Жақсылық Жорықбаев, Шыршық қаласы қазақ мәдени орталығының төрағасы:

– Бұл – біздің бірінші қабат. Бірінші қабатта қазақ ұлттық музейіміз болады. Кейін мына жартысында қазақ ұлттық тағамдарын дайындайтын үйірме болады.

Жақсылық Жорықбаев – осы өңірге аты белгілі тұлға. «Алаш» десе аттанатын, «қазақ» десе мақтанатын азамат мұндағы қандастарымызға қол ұшын созуда еш аянып қалмайды, дейді жерлестері. Міне, атажұртынан жырақ жүрсе де, ұлттық мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді дәріптеуді мақсат еткен. Қазақ мәдени орталығының ғимаратын өз қаржысына тұрғызып жатыр.

Жақсылық Жорықбаев, Шыршық қаласы қазақ мәдени орталығының төрағасы:

– Бұл – біздің орталықтың екінші қабаты. Бұл жерде домбыра, би, жайдарман үйірмелерін өткізбекшіміз. Өзіміздің фольклорлық ансамбліміз болады.

Бұл жерді Жақсылық аға жергілікті қазақ жастары жиі бас сұғатын орынға айналдырмақшы. Оның мақсаты – балаларды бауырмалдыққа һәм қазақылыққа тәрбиелеу. Қандас бауырымыз Өзбекстанда ұлтымыздың ұлыларын жиі ұлықтайды. Мысалы, биыл Абайдың 175 жылдығына арнап ауқымды іс-шара өткізген.

Мұқан Ментаев, Шыршық қаласының тұрғыны:

– Бұл мәдени орталық салынып бітсе, Шыршық қаласы ғана емес, Ташкент облысы бойынша орталық болып қалуы мүмкін. Мұндай орталық Ташкентте де жоқ. Одан қала берді Өзбекстанның ешбір жерінде жоқ.

Жақсылық Жорықбаев, Шыршық қаласы қазақ мәдени орталығының төрағасы:

– Ата дәстүрді үйретуіміз керек. Сол үшін осы құрылысты істеп отырмыз. Себебі оларды бір жерге жинап үйретпесек, шашылып жатқан жастар оны түсінбейді. Әркім өз тіршілігін істеп жүр. Біз осы орталықты тезірек бітірсек, барлық жастарды жинасақ, салт-дәстүрін, жеті атасын, бәрін үйрететін өзіміздің академик-профессорларымыз бар.

Жақсылық Жорықбаев қазақ мәдени орталығының құрылысын екі жыл бұрын бастаған. Ол үшін бизнесін сатып, банктен несие алған. Ғимаратты былтыр өткен Өзбекстандағы Қазақстан жылы қарсаңында салып бітіруді көздеген еді. Қазір қаржы мәселесі қос бүйірден қысып отыр дейді ол.

Мұқан Ментаев, Шыршық қаласының тұрғыны:

– Егер енді бұл істі сауап ретінде қолдап жіберетін азаматтар болса, біз өзіміздің алғысымызды айтар едік. Өзбекстанда тұратын қазақтарды қолдап, қуаттайды дегенге сенеміз.

Жақсылық Жорықбаев, Шыршық қаласы қазақ мәдени орталығының төрағасы:

– Мен 120 мың доллардан артық қаржы жұмсадым. Енді 30 мың доллар болса, жұмыс бітіп кетеді. Қазақстан халқы жәрдем беріп жатса, Алла разы болады деп ойлаймын.

Жат жұрттық демеңіздер. Атаның қанымен, ананың ақ сүтімен дарыған ұлттық құндылықтарымыздан ешқашан ажырамаймыз. Елдегі ағайынға осылай деп сәлем айтыңдар деп өтінді. Аманатқа қиянат жоқ, біз де осы ойды жеткізуге тырыстық.

Авторлары: Ж.Біркенов және Қ.Оспан

Хабар 24 телеарнасы