429,59 501,70 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ыстамбұлдағы даңғылдың біріне ғұлама Абайдың есімі берілмек

  • 342
  • UPD: 15:48, 27.09.2020

Бұл туралы арнамыздың Түркиядағы меншікті тілшісі Меруерт Қанағат хабарлады.

Анадолыда Абай жылы аясында айтулы іс-шаралар басталды. Жергілікті қазақ зиялылары Зейтинбұрну ауданында ақынды ұлықтады.

Атажұрттан амалсыз ірге көтеріп, Түркияға қоныс тепкен қазақтар негізінен Ыстамбұлдың Зейтинбұрну ауданында шоғырланған. Қандастарымыз қашан да қоғамдық қызметтің көшбасында жүреді. Таяуда қазақ диаспорасы өкілдері бас қосып, бірқатар мәселені талқыға салды. Ыстамбұлдағы Консулдығымыз мұрындық болған игі шара аясында Анадолыға өткен ғасырдың 50-жылдары қоныс аударған қандастарымыздың ұрпақтары бас қосты. Жағымды жаңалықтардың жаршысы болған келелі жиында атқарылған шаруалар сарапталып, алдағы жоспар таразыланды. Биыл Әбу Насыр әл-Фараби мен Абай Құнанбайұлының болмыстары тілге тиек болды. Ғұламаларымызды жергілікті диаспора жастары арасында насихаттау мәселесіне баса мән берілді.

Ертолқын Гайретуллах, қазақ білім және ғылым қауымдастығының басшысы:

- Бүгінгі басқосуда көптеген маңызды мәселелер сөз болды. Ыстамбұлда тұратын жергілікті қазақ жастары консул мырзаға көкейлерінде жүрген сауалдарын қойды. Еркін отырып, кең сұхбат құрдық. Біздер қауымдастығымыздың атқарған жұмыстарын баяндадық. Ай сайын жарық көретін «Қазақ елі» журналымыздың кезекті санын ақын Абай атамызға арнадық. Осындай жарқын жүздесулер жалғасын табады деп сенеміз.

Анадолы жұрты Абай тұлғасымен етене таныс. Түркияның түкпір-түкпірінде алып ақынымыздың ардақты есімін еншілеген көшелер бар. Бірнеше қалада ақын бюсті мен саябағы ашылған. Ыстамбұлдағы орта білім ошақтарының бірі Абай Құнанбайұлы атында. Жуырда осы шаһардың даңғылының біріне Хакім Абайдың есімі берілмекші. Мұнымен сабақтас, жүздесуде диаспора өкілдері үшін ұйымдастырылған қазақ тілі курсының өрісі кеңейтілетін болды.

Ғаппар Орхун Ақдағ, Ыстамбұл тұрғыны:

- Мен Ыстамбұлда туып-өскен қазақпын. Сондықтан да қазақ тілін терең меңгеру мен үшін маңызды. Бүгінгідей басқосуларды жиі ұйымдастыруға уағдаластық. Себебі дағдылы түрде кездесіп отырсақ, қазақ тіліне төселе түсеміз және ынтымағымыз артатын болады.

Ыстамбұл секілді алып мегаполисте көшеге есім беру мәселесі оңай түйін емес. Түркиядағы елшілігіміз бен Консулдығымыздың білек сыбана кірісуінің нәтижесінде, мәселе оңтайлы шешімін тапты. Ақжолтай жаңалық жуырда жүзеге асып, Зейтинбұрну ауданында Абай даңғылының лентасы қиылатын болады.

Хабар 24 телеарнасы