432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жапондық азамат Ыстамбұлдың қақ ортасында қазақтың домбырасын күмбірлетіп жүр

  • 367
  • UPD: 20:49, 28.09.2020

Ыстамбұлдағы әйгілі Таксим алаңында ара-тұра қазақтың қара домбырасы күмбірлейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақтың төл аспабын жанына серік еткен қазақ не түрік емес – жапондық.

Дәл қазіргідей коронавирус қыспаққа алып, елдің күнкөрісі қиындаған шақта да жапон жігіті – Акира сүйікті аспабын тастаған емес.

Акира – музыка маманы, Жапонияда консерватория бітірген. Өнердегі өзіндік соқпағын табу үшін шет ел асып, 3 жыл бұрын Түркияға тұрақтапты. Музыкалық аспаптың бірнеше түрін меңгерген Акира бірде кездейсоқ домбыраны қолға алады. Анадолыға аяқ басқан алғашқы күндерінде Акира Анкарада қонақта болған. Үй иесі Ақдениз Түркияға қоныстанған ноғай қандастарымыздың ұрпағы екен. Аденизге қонаққа келген Акира қабырғада тұрған домбыраны көріп, тартып көруге бекінеді. Өзіне беймәлім аспаптың сырын білмекке ұмтылып, Ақденизден сыр тартады.

Ақдениз Эрбаш, түркиялық ноғай:

– Акирамен алғаш интернет арқылы таныстым. Өнеріне тәнті болып, арамызда достық орнады. Бір жолы, Акира Түркияға келгісі келетінін айтты. Мен оны Анкараға шақырдым. Сөйтіп, жапондық досым үйіме келді. Сол сапарында, қабырғада ілулі тұрған домбыраны көріп, қызығушылық танытып, не аспап екенін сұрай бастады. Қолына беріп, қалай шерту керектігін көрсеттім. Менің өзім де домбыраны ерте меңгерген адаммын. Акира досыма бар білетінімді үйреттім. Домбыраға қатты қызыққан Акира қос ішекті аспапты аз уақытта жақсы меңгеріп алды.

Жаһанды кезіп, саз өнерінің қыр-сырын ұғынуға ұмтылған Акира, Ыстамбұлға табан тірейді. Ыстамбұл – сан алуан мәдениеттің тоғысқан жері. Алып шаһар Акираның қолайына жағып, осында қалуға шешім қабылдайды. Тоғыз жолдың торабында орналасқан Таксим алаңын таңдайды. Әлбетте, мегаполистің өзіндік қиыншылықтары бар. Акираны күнкөріс қамы қажап, жат жерде жаны жабырқайды. Сондай сындарлы күндерде домбырадан таяныш табады.

Акира Такегучи, домбыра меңгерген жапон азаматы:

- Музыка – жан азығы. Жапонияда жұмысбастылық алдыңғы орынға шығып кеткен. Адамдардың рухани кемелденуге уақыты аз. Азаматтар жұмысқа жегіліп жүріп, өмірдің өтіп кеткенін байқамай қалады. Мен бұл қасаң қалыпқа сыймадым. Өзімді өзім табу үшін әлемді шарлағым келді. Түркиядағы еркіндік ұнады. Адамдар байыпты тірлік кешеді. Мұнда музыкалық білімімді тереңдете жүріп, домбыраны таптым. Қазақтың ұлттық аспабы қарапайымдылығымен ерекшеленеді. Сондықтан да, бұл аспапты интернет арқылы меңгеріп, Таксим алаңында шерте бастадым. Таксимде мен секілді музыканттар көп. Дегенмен домбыраның ерекшелігі көпшіліктің назарын бірден аударды.

Дүние жүзін әбігерге салған коронавирус індеті Акираға да әсер етпей қоймады. Пандемия кезеңінде оның да табысы азайды. Себебі көпшілік орындарда адамдардың шоғырлануын болдырмау үшін музыкалық аспаппен өнер көрсетуге тыйым салынды. Бұл жағдай Акираға оңай тимеді. Таксимнің бір бұрышын паналап, өлместің күнін кешуде. Акираның ендігі тілегі – індеттің беті тезірек қайтып, Таксим төрінде домбыраны қайта күмбірлету.

Акира Такегучи, домбыра меңгерген жапон азаматы:

- Пандемия кезінде табыстан айырылдым. Тыйым болғандықтан, ашық алаңда домбыра тарта алмаймын. Домбыра шертсем, адамдарға қуаныш сыйлаймын, өзім де рухани ләззат аламын. Қысылғанда домбыраға мұңымды шағып, шерімді тарқатамын.

Шанағынан саз саулап, күй төгілген домбыра жапон азаматының жан серігіне айналған. Қастерлі домбыраның қадірін білетін Акираны Ыстамбұлдағы қазақтар төбесіне көтере құрметтейді. Солардың бірі – Анар Байжанова Акираның рухани ұстазына айналған. Домбырашыны жиі шақыртып, алуан іс-шарада өнерін паш етуге мүмкіндік жасап жүр. 

Анар Байжанова, ыстамбұлдық қазақ:

- Екі жыл бұрын Истиклал даңғылында домбыра шертіп отырған Акираны көрдік. Алғашқыда оны қазақ деп ойладық. Таныса келе оның күншығыс елінің азаматы екенін білдік. Таң қалдық. Тамсандық. Сол күннен бері біргеміз. Рухани ұлым десем әбден жарасады. Қазақтың домбырасын Ыстамбұлдың қақ ортасында төрткүл дүниеден келген жұртшылыққа таныстырып отырған Акираға қамқор болу міндетіміз.

Жапон жігіті Акира алқалы жиындардың салтанатын асырып, ұлттық өнеріміз бен қасиетті домбырамызды паш етіп жүр. Осыған дейін Түрік елінің бірқатар шаһарларын шарлап, қос ішекті күмбірлеткен. Ал Таксим алаңына күніне он мыңдаған турист келеді.  

Авторлары: Меруерт Қанағат, Гөкальп Йамен

Хабар 24 телеарнасы