432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырау облысындағы Хан Ордалы Сарайшық қаласы туризм орталығына айналмақ

  • 170
  • UPD: 16:14, 30.09.2020

Көне қала орнында табылған көшелер мен ғимараттар жөнделіп, музейге айналмақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Археологтар шаһардың 80 процентін қалпына келтіруге болатынын айтады. Бұл жоба толық жүзеге асқанда, жеті ғасырлық тарихы бар, 15-ғасырда Қазақ хандығының астанасы болған Сарайшық туристерге қызмет ететін болады.

Аумағы 400 шаршы метр жерде алғашқы кесене ғимарат бой түзеді. Тағы 8 тұрғын үй қалпына келтіріле бастаған. Көне тарихтың көзіндей жәдігерді жаңарту аса мұқияттық пен дәлдікті қажет етеді.

Жұман Смайылов, «Қазархеология» мекемесінің директоры:

– Қазір қазылған тұрғын үйлердің орнын қалпына келтіріп жатырмыз. Ошақтары, жер астынан қыздыратын кан пештері мен мұржалары сақталған. Соның бәрін қалпына келтірдік.

Хан Ордалы Сарайшық. Заманында Ұлы Жібек жолындағы кіндік қалалардың бірі болған, монғол мен ноғайлының 7 ханы билік құрған киелі орынның тарихы қайта жаңғыратын күн қашық емес. Талай мәрте тоналып, бұл күнде үйіндіге айналған Сарайшықтың өткен тарихы туралы аңыз көп болғанымен нақты дерек аз. Тіпті, көне қаланың үштен екі бөлігі су астында қалды деген де болжам айтылды. Алайда ерінбей еңбектенген археологтар Мәскеуден Сарайшықтың сызбасын тапты. 1861жылғы сызылған картада қаланың орналасу аумағы анық көрсетіліпті.

Арыстанбек Кенже, тілші:

– Былтыр табылған сызба бойынша Сарайшық қаласының негізгі табаны сақталған. Ғалымдар 80 процентке дейін қазып шығаруға болады дегенді айтып отыр. Сондықтан да қазір осы арадан басталған қазба жұмыстары оңтүстік-шығысқа қарай жалғасатын болады.

Айбек Тұрарұлы, «Сарайшық» музей қорығының археологы:

– Біз қаланың көшелеріне, тұрғын үйлердің көшесіне, сондай-ақ оңтүстік бөлігіне қазба жұмыстарын жүргіземіз.

Қазба орындарын қалпына келтіру жұмысы келесі жылы да жалғасады. Қазір археолог ғалымдар келешекте атқарылар жұмыстарын саралуда. Айтқандай, Сарайшықты қазақтың астанасына айналдырған Қасым хан да осы маңайда жерленген деген дерек табылыпты. Демек Хан Ордалы Сарайшықтың қайта түлеп, жылдар бойы бойы жоғалтқан ата тарихымызды тірілтер күн алыс емес. 

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев

Хабар 24 телеарнасы