432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Өрт сөндіру қызметінің ардагері музейге ерекше тарту жасады

  • 120
  • UPD: 23:14, 05.10.2020

Өскемендік өрт сөндіру қызметінің ардагері Игорь Ильичёвтің өнегелі өмірі көпке үлгі. Ол әлемнің түкпір-түкпірінен жинаған ғажайып дүниелерін Семей қаласындағы музейге тарту етті.

Барлығы 50 өрт сөндіру дулығасы, 25 қалпақ, 7 арнайы киім енді қалалықтар мен қонақтардың көзайымына айналады. Бұл жәдігерлер ТМД елдері мен Франция, Италия, Катар, Кувейт, Араб Әмірліктері сияқты мемлекеттерден жиналған. Ақсақалдың жас кезінде өрт сөндіру қызметінің майталман шебері ғана емес, осы спорт түрінен Кеңес Одағы құрамасының мүшесі атанған жалғыз қазақстандық болғанын көпшілік біле бермейді. Коллекция ішінде қытай офицерінің қалпағы, әйгілі француз фуражкасы сияқты көздің жауын алар қызықты экспонат көп.

Фархат Еркімбаев, өрт-техникалық орталығының меңгерушісі:

- Мұндағы дулығалар тек өрт сөндірушіні ғана емес, қаншама адам өмірін тілсіз жаудан қорғауға үлес қосты десеңізші. Мәселен, бас киімнің бірінде битумнің тамшылары қатып қалыпты. Яғни құтқарушының жанталасып жүріп қызыл жалынды сөндіріп шыққанын айқын көруге болады. Әрбір жәдігердің өзіндік тарихы, жүріп өткен жолы бар. Олардың барлығы ендігісі тарих болып қалды.

Хабар 24 телеарнасы