430,51 507,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елбасы: Абай елдің болашақ бағдарын айқындап берген рухани темірқазыққа айналды

  • 144
  • UPD: 22:32, 07.10.2020

«Ұлы ақын, дана ойшыл Абай ХІХ және ХХ ғасырлар тоғысындағы Ағартушылық немесе Ояну дәуірінің көшбасшысына, елдің болашақ бағдарын айқындап берген рухани темірқазығына айналды».

Бүгін жарық көрген «Абай аманаты» атты мақаласында Нұрсұлтан Назарбаев осылай деп жазады, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Адамзат өркениетінің тарихы сан мәрте дәлелдегендей, ұлы тұлғалар көбіне көненің күйреп, жаңаның бой көтеріп, қоғамның бір сападан екінші сапаға ауысар дәуірінде дүниеге келеді». Елбасы мақаласын дәл осылай бастай отырып, «Абай Құнанбайұлы тұлғасы да – сондай аралық кезеңнің жемісі» деп жалғастырады. Абайдың ойы мен сөзін күллі әлемдік ауқымда мойындату мәселесін Кеңестер Одағы әлі тарамай тұрып, 1990 жылы халықаралық деңгейде көтерілді. Алайда оған құлақ асқан ешкім болған жоқ. Негізгі кедергі – Қазақстанның дербес мемлекет еместігі еді. Асқақ тілегіміз егемендік алғаннан соң ғана қабыл болды. Абайды дүниенің даңқты тұлғаларының тізіміне енгізіп, 150 жылдық мерейтойын халықаралық дәрежеде атап өту жөніндегі ұсынысымды қолдаған ЮНЕСКО ұйымының сол уақыттағы бас директоры Федерико Майор мырза кейіннен мерекелік салтанатты шараларға да өзі арнайы келіп қатысты» деп еске алады Елбасы.

«Абай мерейтойына әзірлік өте қиын-қыстау кезеңде қолға алынды. Экономикалық-әлеуметтік проблемалар шаш-етектен болып тұрғанына қарамастан, нар тәуекелге бардық. Арнаулы қаулы қабылдап, атқарылатын іс-шараларды тиесілі мемлекеттік құрылымдар мойнына жүйе-жүйесімен жүктедік. Мерейтойға әзірлік жөніндегі республикалық комиссия және штаб құрылып, оны қаржылық, материалдық-техникалық, инфрақұрылымдық, идеологиялық, дипломатиялық, ғылыми, мәдени тұрғыдан қамтамасыз етудің нақты шаралары бекітілді. Барлық жұмыстың барысын өз бақылауымда ұстадым».

Ұлы ақын, дана ойшыл Абай ХІХ және ХХ ғасырлар тоғысындағы Ағартушылық немесе ояну дәуірінің көшбасшысына, елдің болашақ бағдарын айқындап берген рухани темірқазығына айналды» дей отырып, Елбасы тәуелсіз жас мемлекеттің негізін қалау миссиясы маған бұйырғанда, хәкім Абайдың өсиетіне жүгініп, елімнің болашағына жаңаша көзқараспен қарағаным хақ деп өз ойын тарқатады.

«Байқауымша, ұлылықты ұғыну – бір бөлек те, онымен табысу және тоғысу, яғни түпсіз тереңіне бойлап, жеке болмысыңа жарату – өз алдына қырық қатпар құбылыс. Осыған орай «Менің Абайды тануым әуелде неден басталды?» деген сауалға ден қойғанда, әлбетте, ұлы ақынның сөздері бесік тербеген әлдимен бірге құлаққа сіңді десем, асыра айтқандық бола қоймас. Рас, өлең сөзге жүйрік, ел әдебиетіне қанық әжем Мырзабала мен анам Әлжан кішкентай күнімде тіні үзілмеген дәстүрлі тәрбие аясында халқымыздың ертегі, аңыз, қиссаларын жадыма барынша сіңірді. Бұл Абай әлеміне апаратын жолдың бастауы болатын».

«Біздің буын» дейді Нұрсұлтан Назарбаев, өмір бойына ұлы Абай мектебінен, яғни ғұламаның мұхиттай шалқар ой қазынасынан толассыз білім алып келе жатқандай көрінеді. Абайға дейінгі заманға зер салсақ, ат жалын тартып мінген қилы замандарда өмір сүрген жыраулардың арқа сүйеген, сөз арнаған елтұтқасы болыпты.

«Абайдың маңдай тіреп, ой бөлісетін, назын айтатын алдияр ханы болған жоқ. Өйткені өктемдігін орнатқан империя реформаларының нәтижесінде Шыңғыс тұқымы екі тізгін, бір шылбырдан толығымен айырылды. Ал тіпті ақыр соңында қазақ үшін биліктің ең зоры, әрі кетсе, болыстық, ауылнайлық немесе ресми кеңседегі тілмаштық қана болып қалды. Cондықтан жаны күйзелген дана Абай салмақты сөзінің бір бөлігін «қалың ел, қайран жұрты – қазағына» бағыштаса, қалған уақытта «моласындай бақсының, жалғыз қалдым – тап шыным» деген сарында өзімен өзі мұңдасты».

«Қармайтын тал қалмай, ел тұңғиыққа сүңгіген». Елбасы Абай заманын осылай суреттейді. «Кезінде төрткүл дүние тарабын тоғыстырып, алаш жұртының айбынын асырған, мәңгілік ұйтқысына айналған кіндік шаһар – Түркістан өз мәртебесін жоғалтқанына біраз уақыт өткен» деп тарихқа көз тастайды.

«Шын мәнінде, Абайдың иек артып, тәу етіп баратын астанасы да жоқ еді. Елдікті аңсаған, бірлікті көксеген данышпан үшін мұнан артық қасірет табылмас. Бүгінгі күні әлемді аузына қаратқан салтанатты елордасы бар егемен мемлекетте өмір сүріп жатқан оның жасампаз ұрпағы мұндай ұлттық шексіз құндылықтың қадірін біліп, маңызын түсінуге тиіс. Абайдың осы арманының орындалғанына, Есілдің жағасында еңселі байтақ қаланың ірге теуіп, бой көтеруіне мұрындық болғаныма мың да бір шүкіршілік етемін».

Елбасы туып-өскен орта – көп ұлтты. Шамалған ауылында зұлмат заманның тауқыметін тартып, сонау жер түбінен еріксіз қоныс аударып келген түрлі ұлт өкілдері жапсарласа күн кешіп, қоян-қолтық араласа өмір сүрді деп еске алады Нұрсұлтан Назарбаев. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп...». Бұл – Абайдың мәңгі жасайтын қағидасы.

«Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дейді екен дана бабаларымыз. Қазір айтуға оңай, сол уақытта біз «қайтсек, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарамыз» деп арпалыса жүріп, елдігіміздің шаңырағын шайқалтпай ұстап қалдық. Тұрмыс тапшылығын да бір тайқазаннан ас ішкендей бірге еңсердік. Ол қазақтың кең қолтық, ақ жүрек мейірбандығының және Алтай мен Атырау арасын сол қазақпен араласа жайлаған өзге ұлттардың Абай өнеге етіп қалдырған бауырластығының арқасында жүзеге асты.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Президенті ретіндегі өкілеттікті тоқтату туралы шешім қабылдар алдында Абайға зер салғанын айтады. «Бас басына би болған өңкей қиқым, Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын?» деп келетін өлеңіндегі өкінішін қайталамау алдымнан шықты деп жазады.

«Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап менімен бірге жұмыс істеген Қасым-Жомарт Тоқаевтың адал әрі жауапкершілігі жоғары азамат екенін есепке алмағанда, оның елдегі ішкі жағдайды саралап қана қоймай, шығыстың да, батыстың да тілдерін меңгергендігін, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары қызметін атқарғанын, әлемдік саясаттағы Қазақстанның орнын байыптай алатын дипломаттық қырын да ескердім. Сондай-ақ өзім айрықша мән беріп келе жатқан ел бірлігі мәселесі мен адамзаттық құндылықтарды үйлестіру қабілетіне сенім арттым».

Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойын атап өту жөнінде шешім қабылдады. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларымен ұштасып жатқан бұл шешімнің Абай мұрасын заман сұраныстарына сай қайта зерделеудің маңыздылығын білдіреді.

«ХХ ғасырдың екінші онжылдығында, дәлірек айтқанда, 1913 жылы ұлт зиялысы Ахмет Байтұрсынұлы өзінің «Қазақтың бас ақыны» атты мақаласында «Онан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ» дей келе, соған қарамастан Абайдың есімін тек Семей мен Ақмола облыстарының қазақтары ғана білетінін, ал дүниеден қайтқан соң жарық көрген жалғыз кітабы ел ішіне кеңінен таралмай жатқаны туралы қынжыла жазған еді. Қарап отырсақ, содан бергі бір ғасырдың көлемінде бірте-бірте ұлы ақынның даңқы жер жүзіне әйгілі болатындай деңгейге жетіппіз. Ол – алдымен, әлбетте, Абайдың теңдессіз кемеңгерлігінің, содан соң тәуелсіз мемлекеттігіміздің арқасы».

Егемен ел атанған уақыттан бері ұлы ақынның шығармалары том-том болып жарық көрді. Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі құрылды. Әлемнің көп елінде ақынның есекерткіштері мен мүсіндері қойылды.

«Ұлы Абайдың 175 жылдығы биыл адамзатқа қатер төндіріп, коронавирус індеті жайлаған уақытпен тұспа-тұс келіп қалды. Аталған дерттің зардабы жер жүзіндегі мемлекеттердің ешбірін айналып өткен жоқ. Бірақ жарқын келешекке деген сенім мен сындарлы әрекеттің арқасында бұл уақытша қиындықты да еңсеретін боламыз. Абайдың сөзіне жүгінсек: «Жамандықты кім көрмейді? Үмітін үзбек – қайратсыздық. Дүниеде еш нәрседе баян жоқ екені рас, жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің? Қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жақсы жаз келмеуші ме еді?». Лайым солай болсын!»

«Абайдың сөзі мен ойы біздің күнбе-күнгі тірлігімізге, өркенді өмірімізге кірпіш болып қаланып, бүгінгі өркениет пен алдағы болашақ талабына лайық ұмтылыстарымыздан және игі істерімізден нақты көрініс табатынына кәміл сенемін». Елбасы «Абай аманаты» атты мақаласын осылай түйіндейді.

Авторы: Дархан Әбдуахит

Хабар 24 телеарнасы