428,68 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылордада театр маусымы ашылды

  • 127
  • UPD: 03:21, 10.10.2020
Қызылордада театр маусымы ашылды

Соңғы рет осы жылдың 3 наурызында «Махаббат аралы» спектаклін сахналаған сырбойылық театр ұжымы араға 7 ай салып көрермендерімен қайта табысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрының 66-шы жаңа маусымы ашылды. Сыр сахнагерлері өз ортасынан орын таппай, ауыр ой арқалап, іштей егілген кезі көркем суреттелген «Абай» трагедиясын ұсынып отыр. Ұлы дана өмірінің соңғы кезеңі, тағдыры тым ауыр жағдайларға толы болды. Араларына алты айдан салып, балалары көз жұмады. Мағауия қайтыс болғаннан кейін 40 күн өткенде өзі де өмірден озды. Осылай дүркіреген әулеттің тас-талқаны шықты. Қойылымда «Соқтықпалы соқпақсыз жерде өсіп, мыңмен жалғыз алысқан жанның» тереңдегі жұмбағы, Абай азабының айтылмай келген тылсым бейнесі көрсетіледі. Келушілер театр ғимаратына кірерде міндетті түрде медициналық бетпердені тағып, әлеуметтік қашықтықты сақтауы шарт. Көрермен залына кірерде антисептикті қолдану міндеттелген. Спектакль аяқталғанша медициналық бетпердені шешпеуі керек. Алдағы жаңа маусымда көрермендер назарына «Ғашықтар хикаясы», «Жүз жылдық махаббат», «Ақымақ болған басым-ай» және «Сыған серенадасы» секілді поэтикалық драмалар ұсынылады.

Бақытбек Темірбеков, Абай рөлін сомдаушы, «Серпер» сыйлығының лауреаты:

- Бұл қойылымда негізгі сол Абай атамыздың елуден асқан шағындағы басындағы тауқымет, туған бауыры Оспаннан айырылуы, өзінің ұлы Әбдірахманнан айырылуы, бастан кешке қасіреттері сахналанады. Осы қойылым арқылы көрерменіміздің жүрегіне, кеудесіне аз ғана ой салсақ, негізгі мақсатымыздың орындалғаны деп есептейміз.

Хабар 24 телеарнасы