428,77 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Президент: Абайдың өсиеті – өскелең ұрпақтың айнымас темірқазығы

  • 92
  • UPD: 21:58, 15.10.2020

Абайдың 175 жылдық мерейтойы аясында еліміздегі ақын ескерткіштерінің қатары тағы бір мүсінмен толықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін Семей қаласында «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» бірге тұрған ескерткіш ашылды. Салтанатты шараға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзі қатысып, шымылдығын ашып берді. Биыл атаулы жылдың аясында өңірде ақынның атын ұлықтайтын бұдан да өзге бастамалар жүзеге асырылған.

Шынар Асанқызы, тілші:

- Бұл Абайдай ойшылдың соңғы он жыл өмірі өткен әйгілі Жидебай жері. Алыстан көзге шалынатын қос мұнарада Абай мен Шәкәрім, інісі Оспан, әжесі Зере мен анасы Ұлжанның сүйегі жатыр. Кесене айналасындағы қазіргі көріністі былтырғы бейнесімен мүлде салыстыруға келмейді. Алты ай ішінде адам танымастай өзгеріпті. Абай тойының арқасында жол да төселген, ағаш та егілген, мұражайдың да іші бастан-аяқ жаңартылыпты.

Жидебайдағы Абайдың мына мұражайы ақынның қыстауының орнында бой көтерген. Тіпті мұндағы бөлмелерге дейін өзі жобалап, ең мықты деген ұсталарды шақырып, қалалық стильде салдырған екен. Абай өмірінің соңғы он жылын дәл осы үйде өткізген. Яғни, соңғы он жылда тұтынған бүкіл құнды жәдігерлер осында сақталған. Мынау жұмыс бөлмесі, оның 76 өлеңі, 2 әні және 45 қара сөзінің 27-сі осы бөлмеде туған. Мына тұрған жазу үстелі, орындық мына тұрған сиясауыт соның куәсі.

Қонақ үй, ас бөлме, сүйектен жасалған төсек қаз-қалпында тұр. Абай қолының табы бар бұйымдар да сол күйінде сақталған. Батыс-Сібір губернаторынан сыйға алған мылтығы, қабырға сағаты мен Мағауияға жазған хаты, сәби күнінде шомылған жез легені бәрі орнында. Бірақ Абай жоқ, Абай өмір сүрген орта да келмеске кеткен. Ұлылар мәңгілік тыныс тапқан жерге бүгін Мемлекет басшысы бастаған топ тәу ете келді.

Архивте Абайдың көзі тірісінде түскен екі-ақ фотосуреті сақталған. Есесіне, ескерткішін әрбір өңір, әрбір аудан, тіпті әлем картасынан таба аласыз. Бүгін солардың қатары тағы толықты. Бірақ бұл жолғысының жөні бөлек. Ескерткіш 1986 жылы Семейдегі Кузнецов есімді фотосуретшінің салонында түсірілген түпнұсқа фотоның негізінде жасалған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мына еңселі ескерткіш жас ұрпаққа тағылымды ой салуға тиіс. Абай және оның сөзі мен ісін жалғаған парасатты перзенттері Абай мен Тұрағұл елге үлгі боларлық перзенттер. Мұнда ұрпақ сабақтастығы, әке мен баланың сыйластығы бейнеленген. Бұл – Құнанбай әулетінің тектілігін танытатын туынды. Абай шаңырағындағы тағылымы ұлт қалыптастыратын факторлардың бірі.

Ескерткіш Семейдегі Абай мұражайының алдына орнатылған. Биыл ғимараттың іші де толық жаңартылыпты. Бұрын қонақтар тек жәдігерлерді тамашаласа, енді мультимедиялық экрандар арқылы ақынның әндерін, Зере әжесінің ертегілерін де тыңдай алады.

Мейрамгүл Қайрамбаева, Абай музейі директорының орынбасары:

- Инсталляциясын жасауға негіз болған біздің қорымызда сақтаулы Волочук атты суретшінің «бала Абай әжесі Зеремен Байкөкше ақынды тыңдауда» деген картинасы негіз болған. Бұндағы басты мақсат – бала Абайдың қалыптасуына қазақтың ауыз әдебиетінің, қазақтың ақындарының үлкен ықпал етуін көрсету.

Президент аралап шыққан бұл көрме де ақын заманынан сыр шертеді. Ақын суреттері облыстық өнер мұражайында ұзақ жылдар бойы сақталып келе жатқан жәдігерлер.Сөредегі сирек кітаптар Абай кітапханасының қорынан жеткізілген.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ол өз шығармалары арқылы ел еңсесін тіктеуге зор үлес қосты. Ұлы ақын ұлтты ұйыстырып, әділетті қоғам құруға үндейді. Біз ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы дәл осы ұстаныммен сабақтас. Түйткілді мәселені мемлекет пен қоғам өкілдерінің бірлесе талқылауы өркениетті қоғамның белгісі. Мұндай пікір алмасу халықтың билікке деген сенімін арттырады. Тұрақтылықты нығайтады. Билік пен бұқараны жақындастыратын осы идеяның бастауында ұлы Абай тұр деп сеніммен айта аламыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев тұлғаның «Толық адам» тұжырымдамасын қайта зерделеуді бұған дейін де көтерген-ді. Президент бүгін абайтанушылармен кездесу кезінде тағы айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Абай аңсаған қоғам – ойы озық, санасы сергек, «толық адамның» толыққанды қоғамы. «Толық адам» дегеніміз бұл сол замандағы инновациялық философия үрдісі. Турасын айтсақ, Абай өз заманынан озып шықты деген сөз. Себебі орыс тілінде «Цельная натура» я болмаса ағылшын тілінде  «A person of integrity» деген түсініктер әлдеқайда кеш пайда болды. Біз ақын мұрасына және зиялылардың әлеуетіне сүйеніп, осындай қоғам орнатуымыз керек. Ол қоғамның ұлттық идеясы білім мен ілімге жетелейтін ағартушылық ұстаным болуға тиіс.

Биыл атаулы жылдың аясында өңірде ақынның атын ұлықтайтын бірнеше бастама жүзеге асырылды. Семейдегі әуежайға Абайдың аты берілді. Шетелдегі елшіліктер жанынан «Абай орталықтары» құрылып, Семей қаласына тарихи орталық статусы берілді.

Абай туралы жазбаларда оның 18 жыл билікте болғаны айтылады. Яғни ол 12 жыл болыс, 6 жыл би болған адам. Бітім іздеген жандар «Абайдың алдына барсақ, арызымызды Абай қараса», деп тілейді екен.

Әсет Мырзақасым, абайтанушы:

- Абай болыс болғанда, Абай заманына қарай патшаның ұлықтарына мойынсұнып, басын ие беретін адам емес. Өзінің заманында балаларды оқыту үшін Семейдегі интернаттардағы қазақ-орыс мектептеріне өзінің болысынан балаларды оқытып тәрбиелуге көндірген. Абайдың кезінде халық тұрақтандыруға жол салған.Бақанас, Байқошқардағы жерде өзенді бөгеп, арық қазып, бидай шығарып, сондай дәрежеге жеткен.

Абайдың аталас туысы Манатай қарияның да айтары мол. Ақынның көзін көрмеген, бірақ «Абай жолы» шығармасы көз алдында жазылыпты. Әкесі Балтақайдың жақын досы болып келетін Мұхтар Әуезов бала күнінде өзімен бірге қалаға алып кетеді. Эпопея жазылып жатқан тұста Әуезовтің үйінде жатып оқыған екен.

Манатай Балтақайұлы, Абай ауданының құрметті азаматы:

- Ол кезде «Абай жолының» бірінші кітабы шыққан. Екіншісі де сол жерде шықты ғой деймін. Бір данасын жазып, біздің әкейге жіберген. Абайдың киносына алып барып, Абай әні ең бірінші шыққанда бірге барғанмын Мұхтармен. «Не ұқтың» деп сұрағанада кейбір түсінгенімді айтып бергенімде мені жақсы көріп, бауырына басатын.

Президент сапар кезінде Абай еңбегін насихаттауға үлес қосқан жандарды арнайы марапаттады. Сосын Семей жұртышылғымен де жүздесуге уақыт тапты.

Шынар Асанқызы, тілші:

- Бұл – ескі Семейдің орталығынан бой көтерген Қарағайлы деп аталатын жаңа аудан. Көп қабатты 22 үй бар. Таяу арада 125 көп балалы отбасы қоныстойын тойламақшы.

Блиц 1:

- Біз көп балалы аналар көп нәрсе сұрамаймыз. Мемлекетке масыл болғымыз келмейді, сәл қолдап жіберсеңіздер болды.

Блиц 2:

- Қолдаймыз, баспана беріп жатырмыз. Жеңілдік беріп жатырмыз, бұл саясатты жалғастырамыз

Блиц 3:

- Мақсатымыз – балық емес, қармақ беру. Қаншама бала болса да, еңбек бірінші орында болу керек,

Шынар Асанқызы, тілші:

- Ал бұл – осы шағын ауданда орналасқан «Арена» спорттық кешені. 5 мыңнан аса адам сыяды. «Мұндай орталық тіпті облыс орталығында да болмаған», дейді спортшылар. Құрылысы аяқталғанына да жылға жуықтап қалды. Ішінде жаттығу залдары, бассейннің түр-түрі бар. Президент нысанды бастан-аяқ аралап көрді. Жаттықтырушылар болашақта Семейде де суға жүзудің хас шеберлерін, тіпті Олимпиада чемпиондарын даярлап шығуға уәде берді.

Абзал Толқынбаев, суға жүзуден аға жаттықтырушы:

- Бір топта бізде 30-35 бала. Оның өзі 70-80%-і бір апта ішінде қабілеттерін көрсетіп жатыр. Мақсатымыз балаларды Олимпиада чемпионы қылу. Олимпиадаға қатыстырып, біздің ең үлкен мақсатымыз – жоқ дегенде кандидат мастер спорта қылу.

Міржақып Дулатовтың 1914 жылы «Қазақ газетіне» былай деп жазғаны бар екен. «Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындармыз. Абай құрметі күннен күнге артылар, бірінші ақынымыз», деп қабірін халқы жиі-жиі зиярат етер. Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар. Міржақып айтқандай, Абай мұрасын бұрынғыдан да тереңірек зерделер кез осы болса керек.

Авторлары: Шынар Асанқызы, Азамат Саметов, Айдос Серікболұлы, Алмас Омарғалиев Президент ТРК көмегімен

Хабар 24 телеарнасы