422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Продюсер: «Тоғысқан тағдырлар» телехикаясының жалғасын түсіру ойымда бар

  • 152
  • UPD: 14:56, 23.10.2020
Продюсер: «Тоғысқан тағдырлар» телехикаясының жалғасын түсіру ойымда бар

1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік алған шақта британиялық үкімет отандық телеарнаға қолдау көрсеткені бар.

Лондоннан Алматыға арнайы Катя Краусова есімді медиа менеджер келген еді. Ел тарихындағы алғашқы телехикая «Тоғысқан тағдырларды» түсіру үшін техникалық базаны құруға және мамандар тәрбиелеуге ұзақ уақыт кетеді. Біріккен Корольдіктің жылдар бойы жинақталған сериал түсірудегі мол тәжірибесін отандық режиссерлер бір жылда игеріп алды.

Катя Краусова, продюсер:

- Телевизиялық фестивальдердің бірінде «Тоғысқан тағдырлар» сериалы бас жүлдені иеленгені есімде. Сол кезде қазылар алқасының президенті, белгілі журналист Владимир Познер «Ресейде жоқ телехикаяны қалайша Қазақстанда түсірдіңіздер?» деп таң қалды. Мен сонда бұл британиялық озық технологияны меңгерген үлкен ұжымның еңбегі деп жауап бердім.

Катя Краусова өмірінің 4 жылын Алматыда өткізеді. Әлі күнге дейін телехикаяның түсіріліміне атсалысқан шығармашылық және техникалық топпен әлеуметтік желілер арқылы хабар алысып тұрады. Британия азаматы бүгінде режиссер ретінде деректі фильмдер түсіріп, көрме ұйымдастырумен айналысады. Келешекте интеллектуалдық жарыссөздер форматын Қазақстанға әкеліп, оқушыларға үйреткісі келеді екен. Сонымен қатар «Тоғысқан тағдырлардың» жалғасын түсіру ойы да бар көрінеді.

Катя Краусова, продюсер:

- Телехикая кейіпкерлерінің 25 жылдан кейінгі өмірі не болғанын білу кім-кімге болса да қызық болар еді. Егер сол актерлердің басын қайта қосу мүмкін болған жағдайда. Сонымен қатар Қазақстанның 25 жылда жеткен жетістіктері туралы да айтуға болар еді. «Хабар» агенттігінің құлағына алтын сырға. Мен «Хабарға» ең үздік жаңалықтар қызметі болып қала беруін тілеймін.

Хабар 24 телеарнасы