425.59 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Абай шығармалары Сеул кітапханаларына жеткізілді

  • 83
  • UPD: 10:16, 30.10.2020

Абай шығармалары енді Сеул оқырмандарына да қолжетімді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оңтүстік Корея астанасындағы ең ірі кітапханалардың біріне ұлы ақынның шығармаларын тапсыру рәсімі өтті. Бұл мемлекеттік мекемеде Қазақстан жазушыларының бұрышы да бар.

Сеулде күн сайын коронавирустың бірнеше жағдайы тіркеледі. Сәйкесінше бұл жолы қалада кітапханалар жабылып, оқырмандар сүйікті ісімен айналысу қиындаған. Қазір шаһарда кітапханаға кірудің жаңа ережелері енгізілген. 

Кітапханаларда кітаптар да дезинфекцияланады. Арнайы құрылғы парақтарды 30 секунд ішінде залалсыздандырады. Кітапханаға барып, кітап алу үшін арнайы карта қажет.

Бұл – шет мемлекеттен келген отбасылардың балаларына арналған зал. Кіре берісте аяқ киімді шешіп, шығармаларды жылы еденде жатып оқуға болады. Айта кетері, мұнда Қазақстан азаматы Әсел Маханованың арқасында қазақ тіліндегі шығармалар сөресі пайда болды.

Әсел Маханова, Сеул қаласының тұрғыны:

- Мен негізінде қазақ, орыс, кәріс әдебиеттерін оқимын. 2013 жылы Сеул қаласының Сонбук атты ең үлкен кітапханасына бірінші рет бардым. Әр түрлі тілдегі шығармалар бар екен .Тек қазақша болмады.

Оқырмандарға арналған үлкен бөлмеде де Қазақстанның бұрышы бар. Онда осы уақытқа дейін қазақ жазушыларының корей тіліне аударылған шығармалары болған емес. Бүгін елшілігіміздің өкілдері Сонбук аудандық кітапханасына корей тіліндегі Абайдың 20 шығармалар жинағын тапсырды.

Ли Гон Ван, Сонбук мәдени қорының атқарушы директоры:

- Абай қазақтың ұлы ақыны және философы деп естідім. Мен кітаптарды сыйға тартқан Қазақстан елшілігіне ризамын. Біз Абайды мүмкіндігінше көп дәріптеуге тырысамыз.

Сонбук ауданы Сеулдің мәдени ауданы болып саналады. Мұнда 14 кітапхана жұмыс істейді. Енді олардың әрқайсысынан Абай шығармаларын табуға болады.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян

Хабар 24 телеарнасы