422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Таразда тарихи кешеннің айналасы зиратқа толып барады

  • 100
  • UPD: 17:51, 08.11.2020

Тараздағы «Тектұрмас» этно-тарихи кешенінің маңайы зиратқа айналып барады. Оның аумағы жылдар өте келе ұлғайып кеткен. Қазір қала ардагерлері туристік нысан тұрған жерге мәйіт жерлеуді тоқтатып, басқа жерден орын бөлуді сұрап отыр.

Алайда ақсақалдардың бұл бастамасына жергілікті билік құлақ аспай келеді. Ал қариялар «бұлай жалғаса берсе Тектұрмастың алып мүсіні тұрған кешен моланың ортасында қала ма» деп алаңдайды. 

Тектұрмас алқабындағы мына жер христиандарды жерлеуге бөлінген. Мұндағы зираттар 50-жылдары пайда болып, бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді.  Этно-тарихи кешен салынбай тұрып, бұған ешкім аса мән бермеген. Туризм нысаны бой көтергелі тарихи орынды көруге адамдар жиі келетін болған. Ардагер Жақсылық Досаев енді мұнда мәйіт жерлеуге заңмен тыйым салып, басқа жерден орын бөлу керек деп санайды. Қазір аумақты толықтай қоршауды талап етіп отыр. Ақсақал бұл мәселені көтеріп, әкімдікке талай рет барған. 

Жақсылық Досаев, қала тұрғыны:

- Біздің сұрайтынымыз қалалық, облыстың әкімдерінен мынаны қоршап, осыған бұдан ары әрі қарай запрет жасауына, жерлемеуін сұраймыз. Қағаз жүзінде 2-3 рет апарып жазғанбыз, бергенбіз. Ешқандай результат болмай жатыр. Мінеки бүгін көріп тұрсыздар енді бір жарым айдан кейін келсеңіз біздің Әулиеата бабамыз осылардың ортасында қалып тұр.  

Бұл жерде зиратқа деп 100 гектардан астам жер бар. Жерлеу рәсімін өткізуге заңмен тыйым салынбаған. Алайда арнайы рәсімдік қызмет көрсету мекемесіне жаппай жерлеуді тоқтату жөнінде ауызша ескертілген. Ондағылар әкімдіктен шешім шығармайынша жерлеуге тыйым сала алмаймыз деп отыр. 

Қадірхан Абдуллаев, арнайы рәсімдік қызмет көрсету мекемесінің директоры:

- Сондай ұсыныс бізге келтірген. Бірақ қолымызда ешқандай қағаз жоқ. Бізге берген жоқ. Мен сұрадым. Бізге қағаз беріңіздер. Адам қайтыс болған кезде біз жер жоқ деудің алдында біз ол кісілерге қаланың әкімінің қағазын көрсетуіміз керек.  

Ал әкімдіктегілер қала маңында жер тапшы екендігін алға тартады. Сондықтан ол маңға жерлеуге жуық арада тыйым салына қоймайды деп отыр. 

Нұрлан Сапар, қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің маманы:

- Ол үшін бастапқыда басқа орын, тиісті орын анықтауымыз керек. Қала аумағында ондай орын қазіргі уақытта жоқ. Бұған дейін бұл мәселе көтерілген. 2016-2017 жылдары. Яғни Тектұрмастағы зиратты қоршау мәселесі. Бірақ ол жерде тиісті қаржы көлемі болмауына байланысты кейінге қалдырылған болатын. 

Қазір Тектұрмас этно-тарихи кешенінде құрылыс жалғасып жатыр. Жуырда мұнда жаңа нысандар салынып, көркейе түспек. Қоғам өкілдері «бұған дейін мәселені шешіп, бір жағына шығармаса тарихи кешен моланың ортасында қала ма» деп алаңдап отыр. 

Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Бақытжан Бапаев

Хабар 24 телеарнасы