422.40 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағанды облысында қазақ өнеріне қызығатын этнос өкілдерінің қатары артты

  • 104
  • UPD: 17:48, 08.11.2020

Қарағанды облысында қазақтың төл өнеріне қызығатын өзге этнос өкілдерінің қатары артып келеді. Олар ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жеткен киіз, текемет басу, ұлттық киім тігу сынды қолөнер түрлерін еркін меңгеріп, тіпті әлемдік аренадағы көрмелерге қойып жүр. Бұл шара әу баста Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасының аясында басталған. 

Ивона - поляк, Евгения – орыс, Зинаида - беларусь. Бірақ олардың басын аядай бөлмеге қазақтың қол өнері біріктіріп отыр. Ұлты өзге демесеңіз жүн түтіп, ұршық иіру, қала берді олардан мынадай әсем туындыны жасап шығаруды қай-қайсы болмасын жақсы меңгерген.

Зинаида Асадчая, Беларусь этномәдени бірлестігінің төрайымы:

- Бұл достықтың, ал мынау бейбітшіліктің нышаны. Түр-түсі мен өңінде табиғи қалпы сақталған. Фантазияң мен түйсігің не десе соны жасап шығаруға болады. Қолдарың да бейімделіп алады екен. Қазақ өнері бізді әбден баурап алды. 

Евгения негізінен суретші. Бірақ соңғы 6 жылда аңсары қазақ мәдениетіне ауыпты. Достық үйінің кіреберісіндегі бір холл түгелімен суретші мен оның шәкірттерінің шығармашылығына арналған.

Евгенияның айтуынша, қазақтың бұл қолөнері кім-кімді болсын тәнті етеді.

Евгения Шульц,  халықтар шығармашылығы орталығының жетекшісі:

- Өзге ұлт өкілдері мұнда тегін болған соң емес, қызықты болған соң, жанына жақын болған соң келеді. Соның арқасында жақсы нәтижелер бар. Суреттерді Венада, Австрияда өткен көрмелерде қойдым. Шетелдіктерге бұл дүниелер ерекше қызық. Жарты сағат, бір сағат тапжылмай тұрып қарайды. Оларға біздің ұлттық нақыш ерекше қызықты.

Биыл Евгения Шульцтің қазақ мәдениетін дамытуға қосқан үлесін ҚР Президенті де жоғары бағалаған. Нәтижесінде ол Қазақстан халқы Ассамблеясының «25 жылдық мерейтойы» медалімен марапатталыпты. Алда қолөнер туындыларын әлемнің өзге де елдеріне апарып көрсетуді мақсат етеді.

Авторлар: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков

Хабар 24 телеарнасы