422.66 509.00 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Киелі мекен – Қапалдың күйі қандай?

  • 114
  • UPD: 22:07, 10.11.2020

Талай батыр мен ақынға құтты мекен болған Қапал ауылындағы тарихи ғимараттар жойылып барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шоқан Уәлиханов, ақын Сара мен Тәнеке батырдың ізі қалған өңірде қараусыз қалған ескерткіш көп. Кезінде Петр Семёнов -Тянь-Шанский мен Гейненің еңбектеріне арқау болған ауыл неге дамымай қалды? Аты аңызға айналған Тамшыбұлаққа не себепті күтім жасалмайды?

Осы ауылдың байырғы тұрғыны Әлмұхамет ақсақал әр үйдің тарихын біледі. Төбесі ортасына түскен мына үй бөренеден салынған. Қарияның айтуынша, ол кезде ағашты балта батпайтындай, ара кеспейтіндей етіп, кептірген. Іргетасы 19 ғасырда қаланған үйдің қабырғалары әлі тұр. Соңғы 20 жылда қараусыз қалыпты. Иесінің кім екенін де ешкім дәл айта алмайды. Әйтеуір, мемлекеттің меншігінде емес.

Әлмұхамет Елесбаев, Қапал ауылының тұрғыны:

– Менің тарихтан білетінім, бұл Шаяхметбай деген байдың салдырған үйі екен. Отызыншы жылдары Қытайға қашып кеткен. Бала-шағасы бәрі кетіп қалған. Бұл үй Кеңес үкіметінің қарауына өтіп, Әкімшілік ғимаратқа айналып кетті.

Шаяхметбайдың үйі бір кездері асхана да болған. Өкінішке қарай, тарихи ғимарат қазір ауылдың көркін кетіріп тұр. Жұртшылық ағаш-тасын шетінен тасып жатыр. Қапалда 1847 жылдан бері тұрған мұндай үй көп. Екі бірдей ескі мешіт бар. Мына ғимаратты әскери бекіністің госпиталы болыпты. Қазір ауыл музейіне айналған. 

Қалқаман Әбдірахманұлы, Қапал ауылы музейінің қор сақтаушысы:

– Әсіресе, аудан тарағаннан кейін әрқайсы бұзылып кетті. Оның бірен-сараңы ғана тарихи жәдігер ретінде сақталып тұр. Егер олар сол күйінде сақталатын болса, мемлекет қарауына алатын болса, жәдігер ретінде сақталып тұрушы еді.

Ескі үйлер жекенің меншігіне өткесін, жергілікті әкімдік ештеңе істей алмайды. Біразының иесі кім екені де белгісіз. Әйтеуір, ауылға ат ізін салған ешқайсысы жоқ. Қапалдың тағы бір кереметі – Тамшыбұлақ. Шипалы бұлаққа ем іздеп келетін жан көп. Қысы-жазы адам аяғы арылмайды.

Бұл бұлақ туралы деректер Шоқан Уәлихановтың еңбегінде кездеседі. Суының емге дәру екенін ғалымдар мойындаған. Ауылдың дәл ортасындағы жарқабақтың бірнеше жерінен мөлдірей ағып тұрған бұлақтың айналасын қоқыс басқан. 

Хамит Тұматаев, Қапал ауылдық округі әкімдігінің маманы:

– Бюджетте ақша қарастырылмаған. Өз күшімізбен қоқыстарын тазалап тұрамыз. Келем деушілер қоқыстарын жинап кетсе жақсы болар еді. Міне, шашып кетеді. Өзіміз жинаймыз.

Ауыл бюжетінің бұл маңды абаттандыруға ақшасы жоқ. Биыл 6 көше жөнделіп жатыр. Оған облыс қазынасынан 630 млн теңге бөлінген. Талай мықтының табаны тиген Қапалды аспан астындағы музейге айналдыруға әбден болар еді. Туристер қызығатындай жәдігер мол мұнда. Алайда қираған үйлерді енді қалпына келтірілуі неғайбыл. 

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы