423.81 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Үркер» ұлттық премиясының жеңімпаздары анықталды

  • 64
  • UPD: 22:17, 13.11.2020

Баспа, радио және интернет-журналистиканың үздіктері 11 аталым бойынша марапатталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл арнайы «Шерхан Мұртаза атындағы номинация» да өз иесін тапты.

Биылғы «Үркер» карантинге байланысты көрерменсіз өтті. Десек те, ақпаратты ұшқыр қаламмен нақты әрі тез жеткізген интернет-журналистерге, баспасөз және радиожобалардың жетекшілеріне шараға қатысу сәті бұйырды. Алғашқы номинациялардың қатарында жылдың жаңалықтар порталы аталымы бойынша Tengrinews.kz үздік атанды.

Сұңқар Қарабалин, Effective Media Liaison ЖШС директоры:

– Биыл ерекше жыл болды. Марапат біз үшін өте ерекше. Интернет портал болғаннан кейін бізге интернет болса, кез келген жерден біздің журналистер істей береді. Қала болсын, дала болсын, кейбірі ауылдарына қайтып, үйлерінен істеп жатыр. Ол бізге қатты әсер еткен жоқ. Тек редакция бір-бірін көрмей сағынады.

Ал «Жыл репортажы» номинациясы қызылордалық журналистке бұйырды. Нұрсұлтан Мықтыбаевтың 5 циклдан тұратын жұмысы пандемия кезінде вируспен алғы шепте күрескен жандар туралы болды.

Нұрсұлтан Мықтыбаев, «Жыл репортажы» аталымының жеңімпазы:

– Мен жылдың үздік репортажына қатыстым. Ол әлемді әбігерге салған індет туралы репортаждар циклынан тұрды. 5 цикл. Біріншісі – дәрігерлердің өмірі. Екіншісі – блокпосттағы полиция мен дәрігерлердің өмірі. Үшіншісі – мұғалімнің біркүндік өмірі. Бүгін еңбегім еленіп, «Үркерді» алып, пандемия кезінде Қызылорда облысының штабында журналист ретінде күні-түні еңбек еткеніме қуаныштымын.

Сонымен жыл газеті мен журналы аталымдары бойынша «Aq Jol» мен «Жұлдыз» үздік деп танылды. Атыраулық «Эфирде 102 FM» бағдарламасы - үздік радиостанция жобасы. Гүлбаршын Сабаеваның «Егемен Қазақстанда» жарияланған сұхбаты көпшілік оқырманның көңілінен шықты. Ал жаңадан енгізілген «Шерхан Мұртаза атындағы номинацияға» белгілі қаламгер Қайнар Олжай лайықты болды. Сонымен қатар шара барысында биыл дүниеден озған журналистер еске алынып, рухтарына тағзым етілді.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Асхат Қарақойшиев

 

Хабар 24 телеарнасы