420.79 509.00 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Белгілі жазушы Әнуар Әлімжановтың туғанына 90 жыл толды

  • 124
  • UPD: 22:00, 13.11.2020

Алматы облысында белгілі жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Әнуар Әлімжановтың туғанына 90 жыл толуына орай мәдени іс-шаралар өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жетісу төрі – Талдықорғанда ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылып, «Әнуар 90» кітабының тұсауы кесілді. Жинақтың құрастырушы авторы, жазушы – Ғаббас Қабышұлы.

Алматы облысының Алакөл ауданындағы Қарлығаш ауылында дүниеге келген Әнуар Әлімжановтың мың өліп, мың тірілген халқымыздың тарихындағы, қазақ әдебиетіндегі айшықты ізі сайрап жатыр. Ол ешқашан көмескіленбек емес. Мәселен, қаламгердің Кеңес Одағын таратуға бағытталған қаулыға қол қоюшылардың бірі екенін біреу білсе, біреу біле бермейді.

Нұртілеу Иманғалиұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Тәуелсіз еліміз өзінің тарихына қайта үңіліп жатқан уақыт. Тура сол мезгілде тұлғатану деген бір ғылымның қайтадан елдің алдына шыққан кезі ғой деп түсінемін.

Бұл тұрғыда Әнуар Әлімжановтың тағы бір сүбелі еңбегін айтпай кетуге болмайды. Ол – «Ұстаздың оралуы» атты романы. Жазушы осы туындысы арқылы Әл-Фарабидің қазақ даласынан шыққан ұлы ойшыл екенін дәлелдей білді.

Ұлықбек Есдәулет, ҚР жазушылар одағының төрағасы:

– Елімізге Әл-Фарабидің қайтып оралуына, оның Отырардан шыққан ғалым екенін дәлелдеуге үлес қосқан, күш жігерін жұмсаған екі қазақ болса, біреуі – Машанов Ақжан ақсақал, екіншісі біздің Әнуар Әлімжанов.

Иә, заманында Өзбекстан мен Қазақстанның арасында Әл-Фарабиге талас болғаны белгілі. Әнуар Әлімжановтың әлемнің бірнеше тіліне аударылған «Ұстаздың оралуы» кітабы осы дауға нүкте қойған шығарма болды. Ол өзінің саналы ғұмырының бір бөлігін Махамбетті зерттеуге арнады. Мемлекеттік сыйлық пен Джавахарлал Неру атындағы сыйлықтардың лауреаты атанды. «Құрмет белгісі», «Халықтар Достығы» орденімен марапатталды. Бүгінгі шара барысында Ғаббас Қабышұлы құрастырған «Әнуар 90» кітабының тұсауы кесілді. Екі тілде құрастырылған бұл жинақ үш бөлімнен тұрады. Алғашқы бөліміне естеліктер енсе, екінші бөлімі жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған. Ал кітаптың соңғы бөлімі қызметтестері мен шетелдік ғалымдардың қаламгерге жазған хаттарымен толықтырылыпты. Бұл еңбектің де тұлғатанудағы орны ерекше болары даусыз.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы