420,67 511.30 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағанды облысында Абайдың алып ескерткіші бой көтерді

  • 183
  • UPD: 23:41, 13.11.2020

Абай қаласында Абай ескерткіші ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қарағанды өңірінде ұлы ойшылдың 175 жылдық мерейтойына арналған бірнеше тағылымды шара өтті.

Қоладан құйылған мүсіннің биіктігі тұғырымен қоса есептегенде он метрге жуықтайды. Бұл – осымен ұлы ойшылға қойылған өңірдегі сегізінші ескерткіш.

Жеңіс Қасымбек, облыс әкімі:

– Ақын мұрасындағы терең ой, өршіл рух бір ғасырдан астам уақыт өтсе де, әлі күнге дейін өзінің өзектілігін жоғалтқан жоқ. Өткенін ұмытпаған, тұлғаларын ұлықтаған жұрттың қашан да болашағы жарқын болады, ол анық. Осы тұрғыда Абай мұрасын тереңнен зерделеп, келешек ұрпаққа жеткізетін бүгінгідей іс-шаралар болашағы біртұтас ұлттың берік негізін қалыптастыруға үлкен рөл атқармақ.  

Бұл күні «Ұлы Абайдың мұрасы – ұрпақтарға тағылым» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Онлайн режимінде ұйымдастырылған шараға бірнеше елдің ғалымдары қатысып, ұлы ойшылдың өмірі мен шығармалары жайында сөз қозғады. Сондай-ақ конференцияда ақын Аманжол Әлтаевтың сиясы кеппеген «Абай» кітабының тұсауы кесілді.

Ғарифолла Есім, ҚР ҰҒА академигі, абайтанушы:

– Абайдың парадигмасы сонда, ол шындықты айтады. Бізде өтірік көп. Сол өтірікті азайтуымыз керек. Сонда Абай шамы жап-жарық болып жанады.

Тағы бір сүйінші хабар – Қарағандыдағы ең үлкен орталық көшелердің біріне Абайдың есімі берілді. Бұл жергілікті тұрғындардың қалауы. Қоғамдық тыңдау өткен кезде халықтың 98 проценті Ленин көшесін Абайға ауыстыруды қолдап, дауыс берген. Бірақ араларында жүздеген үйге тақтайшаларды орнатуға салық төлеушілердің қаржысы кетеді деп қарсы пікір білдіргендер де болыпты. Алайда жергілікті кәсіпкер бұл шығынды толық өз мойнына алды.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы