423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ұлы Абайдың туған өлкесінде 140-тан астам мәдени іс-шара ұйымдастырылды

  • 56
  • UPD: 22:28, 20.11.2020

Биыл Абайдың 175 жылдық мерейтойы әлемді жайлаған індетпен тұспа-тұс келді. Соған қарамастан ақынның туған өлкесінде 140-тан астам мәдени іс-шара ұйымдастырылды.

Ойшылдың ғибратты ғұмырын, ұлағатты мұрасын насихаттау өз деңгейінде өтті деуге болады. Әлі де данышпанның даралығын дәріптейтін маңызды жобалар жетерлік. 

Абай Құнанбаевтың мерейтойында ұлан асыр той болмағанымен одан да маңызды тарихи істер атқарылды. Мәселен, өңірде «Абайтану институты» ашылды. Тіпті 5-8 сыныптарға абайтану курстары енгізілді. Ал ойшылдың кіндік қаны тамған жердегі барлық маңызды нысандар қайта жаңғыртылды. Әсіресе Жидебай-Бөрілі» тарихи-мәдени мұражайы ерекше сипат алды. 

Даниал Ахметов, облыс әкімі:

- Жидебай-Бөрілі түрлі сәулеттік сипаттағы нышандарға толы ірі кешенге айналғанына куә болып тұрмыз. Мұндағы мұражай келгендерді қызықты ақпаратпен таныстыратын болады. Әлі де ондағы мәліметтер көбейе түспек. 

Жалпы жөндеу жұмыстарына 2,3 миллард теңге жұмсалды.

Бұдан бөлек «Абай әлемі» топтамасымен 22 кітап жарық көрді. Олардың арасында жергілікті жазушы Борис Щербаковтың екі туындысы бар. Ол Ұлы ақынның мұрасын зерделеу ұрпақ үшін үлкен аманат дейді. 

Борис Щербаков, жазушы:

- Менің кітаптарымды оқыған жүздеген адам Абай туған өлкеге арнайы келіп кетті. Ұлы ақынның кіндік қаны тамған жерді өз көзімен көргісі келетіндер артты. Абай жылы мәдени-тарихи тұрғыда ерекше бір сергектіктің, жаңашылдықтың пайда болуына түрті болып жатқан сияқты. 

Ірі жобаның бірі Семейде «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» ескерткішінің ашылуы. 19-ғасырдың соңындағы фотосуретке негізделген мүсіннің биіктігі 4,5 метр. Сонымен қатар мұнда Абай заманындағы халық тұрмысынан хабар беретін барельеф те көз тартады. Бұл өлкедегі айтулы шаралардың бір легі ғана. Алда әлі талай жоспар тұр.

Авторлар: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов

Хабар 24 телеарнасы