422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Өзбекстанда қазақ-өзбек достығы туралы фильм түсіріліп жатыр

  • 71
  • UPD: 12:14, 22.11.2020

Өзбекстанда қазақ пен өзбек халықтарының достығы туралы көркем фильм түсіріліп жатыр.

«Мирас» кинокартинасы бауырлас екі жұрттың берік байланысы жайлы баяндайды. «Бұл фильмде атыс-шабыс та, махаббат та, әдемі кейіпкерлер мен шиеленіскен оқиғалар желісі де бар», – дейді режиссер. Алайда туындыны аяқтау үшін түсірілім тобы Қазақстанға жете алмай отыр.

«Мирас» көркем фильмі ХХ ғасырдың басы мен ортасында болған шынайы оқиға желісі бойынша түсірілген. Бұл кинотуынды қазақ пен өзбек халықтарының ежелден туысқандығын, берік байланысын һәм достығын суреттейді. Ясауи тариқаты, яғни Қожа Ахмет Ясауи негізін салған діни-сопылық мектептің рухани құндылықтары жайлы да баяндайды.

Хилол Насимов, режиссёр:

– Президент Шавкат Мирзиёев қазақ және өзбек халықтарының достығы туралы көп фильм түсіру қажеттігін айтқан еді. Бұл әрі деректі, әрі көркем туындылар болуы тиіс. Біздің кинокартина шынайы оқиғаға негізделгенін айтып кету керек.

Кинокартинаға қазақ қызы мен өзбек жігітінің махаббаты арқау болған. Алайда Айгүл есімді кейіпкер тағдырдың тәлкегімен сүйіктісіне қосыла алмай кетеді. Басты рөлдегі осы қазақ келіншегін және басқа да кейіпкерлерді әу баста қазақстандық актерлер ойнауы тиіс еді. Алайда...

Хилол Насимов, режиссёр:

– Біз рөлдерге бірнеше белгілі қазақстандық актерді бекітіп қойғанбыз. Айгүлдің рөлін де қазақ актрисасы ойнауы тиіс еді. Олардың жауабын соңғы уақытқа дейін күттік. Алайда бұл өнер адамдары түсірілімге келе алмай қалды. Сол себепті бұл рөлдерді Өзбекстанда тұратын қазақтар сомдады.

Айдай көркем Айгүлдің рөлін қарақалпақ актрисасы Айсанем Юсупова сомдап шықты. Бұған дейін де бірнеше фильм мен телехикаяларға түскен өнер иесі қазақстандық кинокартиналарда да ойнаған екен.

Айсанем Юсупова, актриса:

– Түсірілім басталмас бұрын сол замандағы қазақ қыздарын зерттей бастадым. Интернеттен ұлттық киімдердің үлгісін әрі қазақ келіншектерінің өзін-өзі ұстауына қатысты материалдар іздедім. Сол себепті Айгүлдің рөлін сомдау мен үшін қатты қиын болмады. Бұл фильмде басты кейіпкер талай қиындықты еңсереді. Әуелі сүйіктісімен қосыла алмай қалады. Кейін үш баласының бірі сырқаттанып, көз жұмады. Жолдасы соғысқа аттанып кетеді. Бұл да жығылған үстіне жұдырық болса керек.

Қазір Беларусь пен Қазақстандағы түсірілім жұмыстары қалған. Бірақ пандемия салдарынан түсірілім тобы біздің елге келе алмай отыр екен.

Хилол Насимов, режиссёр:

– Пандемия біздің жұмысқа кедергі болды. Дегенмен Қазақстанға барып, түсірілімді аяқтаймыз деген үміттеміз. Әлі Түркістандағы Ахмет Ясауидің кесенесінде және аюмен түсіретін сценалар қалды.

Кинокартина авторларының айтуынша, фильмде қазақ пен өзбек мәдениетін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, даласы мен мінезін биіктен көрсетуге белсенді жұмыс жасалған. Енді бұл туынды келер жылдың басында экранға шығуы тиіс.

Авторлары: Ж.Біркенов, Қ.Оспан

Хабар 24 телеарнасы