425,30 504.32 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Өзбекстан билігі Әйтеке бидің басына зиярат етушілерді Қазақстаннан көптеп тартпақ

  • 506
  • UPD: 16:09, 24.11.2020

Ол үшін іргедегі көршілер бидің кесенесін зиярат-туризм нысаны қатарына қосып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көпшілік халық білетіндей, кіші жүздің бас биі Науаи облысында жерленген.

Науаи облысында тарихы терең әрі талай сырды ішіне бүгіп жатқан қасиетті жерлер баршылық. Сол себепті бұл өңірге зиярат етіп келетіндер көп. Мысалы, мына кесенеде 16 ғасырда Ясауи сопылық орденінің басшысы, Орталық Азияда танымал діни әрі саяси қайраткер болған Қасым шейх жерленген.

Мустафа Юнусов, Қасым-шейх мешітінің имам-хатибі:

– Қасым шейх Мәуренахрдағы билік үшін талас-тартыс кезінде бітімгерлік миссиясымен белгілі болды. Ол осы елдің болашақ әміршісі Абдулла хан II–ге Самарқан, Ташкент және Түркістанның біріккен әскерлеріне қарсы күресте көмектесті. Қасым шейх қамалдың қорғанысына қатысып, ханның отбасы мен қызметшілерін бекіністің ішіне тығып, оларды аман алып қалған.

Науаи облысында Ұлы Жібек жолының бойында жатқан Нұрата дейтін де тарихқа бай шағын қала бар.

Саид Файзулло, «Чашма» мемориалды кешенінің қызметкері:

– Көне дәуірдегі грек тарихшысы Геродот «массагеттер бұл жерде біздің заманымызға дейінгі 440-430 жылдары алтын қазған» деп жазған. Олар бағалы металды дәл осы Нұратада өндірген екен. Сонымен бірге бұл жер Ежелгі Македонияның патшасы Ескендір Зұлқарнайынның бір реттік қыстауы болған деседі.

Осы көне шаһарда қазақтың біртуар азаматы Әйтеке бидің кесенесі бар. 25 жасында төртқара еліне төрелік етсе, орда бұзар отызында Кіші жүзге төбе би болып төрде отырған бабамыздың мәңгілік мекені осында екені Тәуелсіздіктің ақ таңы атып, тарихтың ақтаңдақтары ашылған бетте белгілі болды.

Жасын Біркенов, тілші:

– Кіші жүздің төбе биі Әйтеке бидің сүйегі тап осында жатқаны осыдан ширек ғасыр бұрын белгілі болды. Ұлы тұлғаның қорымы осында екені дәлелденген соң, бір топ қазақ кәсіпкері мұнда кесене, мешіт, музей мен қонақ үй салып қойған екен.

Әмір Темір заманындағы технология бойынша салынған кесене 17-18 ғасырларды көзге елестеді. Әйтеке бидің қасында әулиелігімен әйгілі болған Сейітқұл бабасы да жатыр. Кіші жүздің бас биі аталары салған сара жолмен жүріп, Нұрата өлкесіндегі қазақтарға, сонымен бірге өзбек, қарақалпақ, түрікмен сынды түркі халықтарына түгел ақыл айтар аға болған дейді өзбек ағайын. Бабамыздың қорымын қазақ ғалымдарына тауып берген де жергілікті тұрғындар.

Шавкат Исмаилзада, «Чашма» мемориалды кешенінің аға ғылыми қызметкері:

– 1990 жылдары мен Чашма кешенінде жұмыс істедім. Ол кезде маған Қазақстаннан жолдастарым келді. Олар менен Әйтеке бидің жерленген жерін білесің бе деп сұрады. Содан мен бұл сауалды ауылдың ақсақалына қойдым. Ал Эргаш ата бізге Әйтеке бидің қорымын бірден көрсетті. Кейін ғалымдар ұлы бидің сүйектерін қазып алып, Алматыға алып кетті. Артынша олар Әйтеке бидің мәңгілік мекені Нұратада екенін дәлелдеп шықты.

Қазір өзбек билігі Әйтеке бидің басына зиярат еткен адамдардың санын көбейтуге ниетті. Әсіресе, бұл жерге қазақстандықтарды көптеп тартпақ. Ол үшін бидің кесенесін зиярат-туризмнің сапына қосып отыр.

Авторлары: Ж.Біркенов және Қ.Оспан

Хабар 24 телеарнасы