429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қалибек Қуанышбаев атындағы театрдың өнер ұжымы көрермендерін қуантуға асық

  • 311
  • UPD: 23:13, 30.11.2020

Қалибек Қуанышбаев атындағы театр жаңа ғимарат сахнасында «Абай» спектаклін қоюға дайындалып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Пандемияға байланысты шектеу болары анық. Дегенмен, өнер ұжымы көрермендерін қуантуға асығып отыр. Санаулы күн бұрын театрдың жаңа қонысын Елбасы ашып берді. Аумағы 22 мың шаршы метр болатын зәулім ғимаратта шығармашылық өкілдеріне барлық жағдай жасалған.

Ақсәуле Байменшина, тілші:

- Қаллеки театрының қос саңлағы Болат Ыбраев пен Бақыт Исабекова жаңа залды көрсетіп жүр. Өнер адамы әдемілікті сүймей ме?! Ал, бұл зал өте әдемі. Сәулеті келісіп, шамдары жарқырап тұр. Олар бұл қуанышты көп күтіпті. Театрдың ескі ғимаратында мұндай жағдай жоқ. Елордадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының ашылғанына 30 жыл болады. Өнер ошағы тәуелсіз елмен бірге жасап келеді. 1991 жылы тұсаукесерінде Мүсіреповтің «Ақан серіАқтоқтысы» қойылса, Бақыт Исабекова сол Ақтоқтының рөлін сомдады. «Бұл театр-Елбасының арманы болатын», - дейді актриса.

Бақыт Исабекова, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:

- Керемет бізге берген уәде бүгінгідей құлағымда. «Мінкей, қазір енді қазақ театрын ашамыз, сендерге болашақта үлкен ғимарат салынады, мен сіздерге уәде беремін», -деді. Міне, сол уәде бүгін орындалды. Біздің қуанышымызда шек жоқ. Ең бірінші халық қуанды.

Жаңа театрда екі зал бар. 800 көрермен спектакль тамашалай алады. Бірақ бастапқыда карантинге байланысты щектеулер болады. Жалпы пандемия кезіндегі қиындықтарға қарамастан, өнер ұжымы дайындықты тоқтатпаған. Адам санын шектеп, санитарлық талапты сақтай отырып, көрерменге ұсынар дүниені пысықтаумен болған. Жаңа ғимаратқа орналасқан соң жаңа премьераларды сахналай бастайды.

Болат Ыбыраев, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:

- Біздің енді өзі шығармашылық жұмыстың спецификасы бөлек қой. Үлкен спектакль алынғанда бөлім-бөлім болады, режиссер 4-5 адамнан шақырып отырады, 5-6 актерден шақырып отырады. Бізде үйде жатқан болған емес. Өнер деген өзі мәңгіілк қозғалыс қой. Егер қозғалыс болмаса, өнердің өзі де дамымайды ғой.

Аумағы 22 мың шаршы метр болатын 3 қабатты зәулім ғимарат заманға сай жаңа технологиямен жабдықталған. Үлкен зал, камералық зал, көркем галерея мен мейрамхана және мәжіліс бөлмесі бар.

Ернар Жұматаев, театр директоры:

- Ғимараттың салынуы 1 жыл 9 айда бітті. Норматив бойынша бұл өте жақсы көрсеткіш. Негізі ғимарат деген кемінде 2-3 жылда салынатын дүние. Сондықтан бұл еліміздегі бір рекордтық көрсеткіш десек те болады.

Талантты режиссер Жақып Омаров іргесін қалаған, нағыз актер Қалибек Қуанышбаевтың атын алған, кезінде Әзербайжан Мәмбетов жетекшілік еткен үлкен ұжымның алдағы жоспары ауқымды. Репертуарында күрделі классикалық туындысы көп театр енді жандана түспек. Оған қолайлы жағдай бар.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Ерзат Зайытхан

Хабар 24 телеарнасы