421,91 511.30 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Киевте Абай атындағы мәдени-іскерлік үйі ашылды

  • 166
  • UPD: 16:39, 01.12.2020

Украина астанасы Киевте ұлтымыздың ұлы ақыны Абайдың есімі берілген мәдени-іскерлік үйі ашылды. Мақсат – шетелде жүрген қандастарымыздың басын жиі қосып, бірлігін бекемдеу, тіл, дін мен салт дәстүрді дәріптеу. Мұндай орталықтың ашылуына Украинадағы қазақ диаспорасы мен осы елдегі елшілік ұйытқы болған.

«Достық» деп аталатын Киевтегі қазақ мәдени қауымдастығының төрағасы Данияр Егамбердиевтің мәліметі бойынша, Украинада 12 мыңға дейін қазақ азаматы тұрақты түрде өмір сүріп жатыр. Жырақта жүрген жерлестердің басын жиі қосу бүгін ғана ашылған «Абай» мәдени-іскерлік үйінің негізгі бағыты болмақ. Шағын болса да бұл үйден әсіресе балаларға қазақ тілін үйрететін әдебиеттер баршылық. Домбыра мен көк туымыз да көзіңе оттай басылады. 

Батыр Ниязбеков, «Достық» қазақ мәдени орталығы төрағасының орынбасары:

- Жалпы «Абай» үйінің маңыздылығы өзіміздің ана тіліміз қазақ тілін өскелең ұрпақ арасында, жалпы осы Украинадағы қазақтар арасында кеңінен насихаттау, оны дамытуда осы орталықтың берер ықпалы зор деп білемін. Алдағы уақытта қазақ тілін үйрету, сабақ үйрету ата салт-дәстүрлерімізді нығайту оны өскелең ұрпақ арасында насихаттау кеңінен жүргізуледі деп ойлаймын. 

Ұлтымыздың ұлы ақыны Абайдың есімі берілген Киевтегі мәдени-іскерлік үйінің салтанатты ашылуына орай, елшілік және қазақ диаспорасының өкілдері онлайн форматта Қазақстанмен байланысқа шықты. Атап айтқанда, «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» мен «Отандастар қорының» мүшелерімен тілдесіп, алдағы уақытта бірігіп өткізілетін шаралардың жол картасын пысықтады. 

Арман Давлетияров, медиа-менеджер:

- Дәл осындай шара жырақта жүрген қазақтардың жасы мен жұмысына қарамай, басын бір жерге қосатын достық алаңына айналса деймін. Бұл ретте бәрімізді Ұлы ақынымыз Абайға деген сүйіспеншілік және тарихи Отанымызға деген зор құрмет біріктіруі тиіс. Біз Киевтегі бұл үйде бас қосып, Абай өлеңдерін оқып, ойымызды бөлесіміз және бір бірімізді қолдап тұрамыз деп үміттенемін. 

Дәл осындай игі мақсаттағы «Абай» мәдени-іскерлік үйі Киевтен бөлек басқа 4 қалада жұмысын бастады. Атап айтқанда, Ресейдің Омбы, Өзбекстанның Ташкенті, Түркияның Ыстамбұлы мен Германияның Берлин қаласында да «Абай» үйі өз есігін ашқан. 

Автор: Аида Қыдырбай, Петро Борейко

Хабар 24 телеарнасы