425,30 504.32 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Қазақстан Үкіметі Өзбекстандағы қандас бауырларға арнайы тарту жасады

  • 364
  • UPD: 23:04, 01.12.2020

Қазақстан Үкіметі Өзбекстандағы қандас бауырларымызға рухани құндылықтарымызды дәріптейтін оқу-әдістемелік құрал сыйлады.

Көрші мемлекеттегі қазақтарға жасалған тарту Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні және ел Тәуелсіздігінің 29 жылдығына орайластырылған. Халық даналығын жинақтаған 300 электронды кітап іргедегі елдің қазақ мектептеріне таратылды. «Даналық әліппесі» деп аталатын туынды өскелең ұрпақты ұлттық дәстүрде тәрбиелей отырып, бала бойына халық даналығын сіңіруге ықпал етеді. Мұнда бесік жырынан бастап, бабалар батасына дейін жазылған. Оған қоса әліппенің ішінде домбыра мен қобыз үнін шертіп, халық ертегілерін, аңыздар мен жырлар жайлы «сөйлейтін» қаламы да бар. Мереке қарсаңында жасалған мұндай сыйлыққа қиырдағы қазақтар дән риза.

Руслан Дүйсенов, Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігінің кеңесшісі:

– ҚР Тұңғыш Президенті және Тәуелсіздік күндері қарсаңында Өзбекстанда тұратын қазақ бауырларымызға үлкен сый жасап отырмыз. Мұндағы қандастарымызға «Даналық әліппесі» деген туындыны тарту еттік. Өзбекстанда қаймағы бұзылмаған 1,5 млн астам қазақ өмір сүреді. Олар жырақта жүрсе де, ұлтымыздың мәдениетін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын берік ұстанып келеді. Осы орайда біздің туындылардың пайдасы тимек. Өйткені мұнда атадан қалған нақыл сөздер, бабадан қалған баталар, халық аңыздары мен жырлар бар.

Азиза Тілеуова, мектеп директоры:

– Бұл «Даналық әліппесі» келешекте оқушыларымызға кітапқа деген сүйіспеншілігін, құрметін тудырады. Өздері сүйіп оқитын әдебиетке айналады дегенге үміттеміз. Келешекте жастарымыздың халқымыздың салт-дәстүрлерін естен шығармай, барынша салт-дәстүріміздің қадіріне жетіп, ата-бабаларымыздың салт-дәстүрін әрі қарай дамытады деген үміттеміз.

Хабар 24 телеарнасы