419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Kantai Translations» компаниясы әлемдік әдебиет туындыларын қазақшаға аударып жүр

  • 210
  • UPD: 22:09, 05.12.2020

Кітап оқымаған адам тұл дейміз. Ал оқитын туындыға таңдау бар ма? Әсіресе қазақ тіліне аударылған әлемдік шығармаларды табу қиын. Енді елордадағы «Кантай Транслейшнс» ЖШС қазақы аудиторияның сұранысын өтеуді қолға алды. Қазірдің өзінде бизнес, урбанистика саласындағы танымал туындылар тәржімаланған. 

Асқар Әбдіразақов – баспа ісіне ден қойған санаулы қазақ жігіттерінің бірі. Бүгінде ол құрған «Кантай Транслейшнс» компаниясы әлемдік бестселлерлерді қазақшалауды қолға алды. Мәселен, «Алибаба – Джек Ма салған үй» деп аталатын мына біреуі жарты жыл төккен тердің жемісі. 3 мың данасы басылып шыққан. Кәсіпкердің айтуынша,  еңбек бизнеске бет бұрушылар арасында аса танымал.

Асқар Әбдіразақов, «Kantai Translations» ЖШС директоры:

- Мұқабаны сол Джек ма өзі бекітті. Ол кітап бірінші бізде латынша шықты. Бекіткен латын әліпбиімен. Біздің инновациямыз дейік, ол қолданған шрифті. Ол Сан франсиско деген шрифт. Сондықтан оны оқығанда тексті мен визуалдық түсінігі бір жақсы сезіледі.

Сондай-ақ журналист Чарльз Монтгомеридің зерттеуі қазақы аудиторияға қолжетімді. «Бақытты қала тұрғындары» деп аталады. Алда Арнольд Шварценеггердің «Еске алу» және Рей Далионың «Қағидалар» кітабы жарық көреді.

Кәсіпкердің айтуынша, тәржімаланатын әр туындының тілі жатық, мазмұны оқырманға шашаусыз жетуіне көп көңіл бөлінді.

Асқар Әбдіразақов, «Kantai Translations» ЖШС директоры:

- Әрбір кітапты аударғанда арнайы топ құрылады. Мысалы, Алибаба кітабында айти саласына қатысты терминдер өте көп. Сондықтан әрбір аудармашы оны аудара алмайды. Оған арнайы айти саладан білімді адамды табамыз. Cондан кейін оларды коррекция жасау, бас редактор, барлығы айти саласын жақсы білетін адамдар. 

Бұдан бөлек мектеп оқушыларына арналған ағылшын, математика, биология оқулықтары да бар. Әрқайсы баланың жас ерекшелігін ескеріп жасалған. «Кантай Транслейшнс» компаниясының өнімдерін Алматы және Нұр-Сұлтандағы кітап дүкендерінен, сондай-ақ онлайн тапсырыс беру арқылы сатып алуға болады.

Авторлар: Назерке Тоқжан, Аян Сәрсенбаев

Хабар 24 телеарнасы