425,30 504.32 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Бішкекте Абай атындағы мәдени орталық ашылды

  • 308
  • UPD: 19:17, 12.12.2020

Бішкек қаласында Абай Құнанбайұлы атындағы мәдени орталық ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Салтанат ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына орайластырылды. Мәдени орталық Алықұл Осмонов атындағы Ұлттық кітапханада орналасқан.

Бақыт Чермашев, тілші:

- Абай Құнанбайұлы атындағы мәдени орталық 420 шаршы метр ауданды алып жатыр. Бұл – Қырғызстан Ұлттық кітапханасының екінші қабатының басым бөлігі. Сөрелерде еліміздің тарихы мен мәдениетімен таныстыратын кітаптар, қазақ ақындары мен жазушыларының шығармалары тұр. Абайдың өлеңдері мен поэмалары бірнеше тілде ұсынылған. Арасында қырғыз тіліне аударылған туындылары бар. Осының арқасында жергілікті оқырмандар кемеңгер ақынымыздың шығармашылығын терең сіңіре алады.

Нұржігіт Қадырбеков, Қырғызстан Мәдениет және ақпарат министрі:

- Бұл мәдени, гуманитарлық жобаның басты мақсаты – елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты ұлғайту, өзара түсіністігімізді одан әрі тереңдету болып отыр. Сондықтан бұл орталықтың елдеріміз арасында қарым-қатынастарымызды дамытудағы маңызы зор. Түпкі тамырымыз бір жерден шыққанын түсіну үшін.

Абай атындағы орталық бірнеше жұмыс аймағына бөлінген. Ең бастысы – оқу залы. Мұнда оқырмандар Абайдың шығармашылығымен қатар өзге де қазақ қаламгерлердің туындыларымен таныса алады. Тағы бір бөлігінде конференц-зал орналасқан. Онда қазақ және қырғыз сарапшылары мен қоғам қайраткерлері түрлі конференциялар, форумдар мен семинарлар өткізеді.

Қайрат Нұрпейісов, Қазақстанның қырғызстандағы төтенше және өкілетті елшісі:

- Азаматтарымыздың ынтасы, белсенді өмірлік ұстанымы арқасында осы орталық құрылды. Жастар мен өзге де адамдар бұл жерге қуана келіп, қазақ ақындары мен жазушылардың шығармаларымен танысатынына сенімдімін. Бұл біздің мәдениеттеріміздің, қатынастарымыздың одан әрі дамуына септігін тигізеді.

Абай атындағы мәдени орталық Қырғызстандағы қазақтар қауымдастығы және Алықұл Осмонов атындағы Ұлттық кітапхана бастамасымен құрылды. Ал оны жабдықтауға қаржылық қолдауды Қырғызстанда жұмыс істейтін қазақстандық кәсіпорындар көрсетті. Орталықтың ашылу құрметіне елшілігіміз 500-ден аса кітапты табыс етті.

Авторы: Бақыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы