419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Римде Абай атындағы ақпараттық-мәдени орталық ашылды

  • 98
  • UPD: 14:57, 17.12.2020

Римде Қазақстанның Тәуелсіздік күніне орай Абай атындағы ақпараттық-мәдени орталық ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Біздің дипломаттар мен Ұлттық аударма бюросы қызметкерлерінің қолдауымен хәкімнің асыл мұрасы биыл итальян тіліне аударылған болатын. Ұлы ақынның өлеңдері мен қара сөздерінің тұңғыш жинағы Қазақстанның Италиядағы елшілігінде Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына байланысты таныстыралған еді. Жаңа орталықтың жұмысы кемеңгер ойшылдың шығармалары мен ол туралы жазылған еңбектердің көрмесінен басталды. Бұл шараға еліміздің Ұлттық академиялық кітапханасының қоры мұрындық болған. Ашылу салтанатына Италия, Қазақстан, Германия және Венецияның ақын-жазушылары, журналистері мен Құрметті консулдық басшылары және қазақстандық студенттер қатысты.

Алдияр Сабдалин, Рим университетінің студенті:

- Абай орталығының ашылуы мен оның шығармаларының итальян тілінде жарық көруі Қазақстан мен Италияның өзара қарым-қатынасына тамаша әсер етпек. Себебі итальяндықтар да, өзім де осы кітапты группаластарымызбен, достарымызбен бөлісеміз. Итальяндықтар біздің ұлы ақынымыздың, философымыздың сөздерін сүйсініп оқиды деп сенемін.

Джозетта Чюффа, жергілікті журналист:

- Италия әдебиеті мен Абайдың шығармаларының арасында ұқсастық бар. Қазақстанда болғанымда Абайды ағылшын тілінде оқып едім. Енді оны ана тілімде түсінудің мүмкіндігі туды. Бұл үлкен жетістік. Римде Абай орталығының ашылуы да тамаша жаңалық. Бұл жер мәдениетімізді жақындастырады, себебі әдебиет пен сезім әдемі үйлесе алады. Қазақсың ба, итальянсың ба бұл маңызды емес. Адам жүрегімен ғана сезінетін нәрселер бар.

Хабар 24 телеарнасы