425,70 504.60 5.77
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Абай туындылары Францияға таралып жатыр

  • 272
  • UPD: 19:53, 17.12.2020

Абай шығармалары француз тілінде басылып шығып, жинақ оқырмандардың қолына тиді. Кітапқа ұлы ақынның өлеңдері, поэмалары және Қара сөздері енген. Қазір жинақ Франция кітапханалары мен университеттеріне таратылып жатыр.

Кемеңгер ақынымыздың мерейтойына арналған кітап 3 мың дана болып шықты. Ол Францияда ғана емес, француз тілінде сөйлейтін іргелес елдердің де кітапханаларына таратылады. Қазақ мәдениетіне құмар Катрин осы кітапты ұзақ уақыт таппай жүргенін айтады. Нұр-Сұлтан қаласына барған кезде Абайдың француз тілінде шыққан басылымдарын кітапханалар мен мұражайда іздеген екен. Көне кітаптар болған, бірақ бұл күнге дейін сақталған жоқ деген жауап алыпты. Сондықтан бұл жинақ Катрин үшін тосынсый болды.

Катрин Сезий де Мазанкур, Париж қаласының тұрғыны:

- Өте ризамын, өйткені екі жыл бойы француз тіліндегі Абайдың шығармаларын іздедім. Бұл өте қызық кітап екенін білдім, бірақ соншалықты терең екені ойыма кірген жоқ. Абайдың туындыларында өзіңді  сырттан көретін тұстары бар. Керемет аударылған. Поэзияға келетін болсақ, тіл байлығын атап өтер едім. Өзім француз болсам да, мүлдем қолданбайтын сөздерді көргеніме таңқалдым.

Абай өлеңдерін белгілі ақын әрі аудармашы Кристина Зейтунян тәржімалаған. Барынша түпнұсқаға жақын тілмен жеткізуге тырысқан. Кеңес Одағы кезінде Абайды орысшаға аударғанда кейбір бөліктері цензурадан өтпей қалған дейді Кристина. Енді француздар алғаш рет Абайдың өзіндік болмысымен таныса алады.

Кристина Зейтунян, ақын, аудармашы:

- Аудармашының міндеті өзге тілде жазатын авторды француз әдебиетіне, мәдениетіне, тіліне ендіру. Жай аударып қана қоймай, мағынасын өзгертпей, сөздері мен ойларын барынша шынайы жеткізу керек.

Сөйтіп, Абайдың шығармалары өзге тілдегі оқырмандар үшін де қолжетімді болды. Ұлы ақынның шығармаларын әлемнің 10 тіліне аудару жобасы хакімнің бұған дейін беймәлім болып келген қырларын да аша түспек.

Авторлар: Әлия Сыздықова, Руслан Өміржан

Хабар 24 телеарнасы