420,31 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақ киносының «Алтын қоры» француз тіліне аударылды

  • 99
  • UPD: 23:47, 18.12.2020

Қазақфильмнің «Алтын қоры» алғаш рет француз тіліне аударылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Францияда қазір Қазақстан киносының екінші фестивалі басталды. Тек індетке байланысты кино үлкен экранда емес, онлайнда көрсетіледі. Оған 14 фильм таңдалды. Ұлы ақынымыздың мерейтойына Абай өлеңдері, ал Жеңістің 75 жылдығына орай Мәншүк туралы ән картиналары дайындалды. «Қыз Жібек», «Тақиялы періште», «Көксерек», «Транссібір экспрессі», «Отырардың күйреуі», «Менің атым – Қожа» секілді сүйікті фильмдерімізді енді француздар да көре алады. Фестиваль басшылығы бір топ волонтерлермен бірлесіп, фильмдерді аудару мен титр салу бойынша үлкен еңбек атқарды. Ал қазақстандық киноға құмар француз мамандары түсі мен дыбысын қалпына келтірген.

Андрэ Иванов, Франциядағы Қазақстан кино қауымдастығының президенті:

- Әлемдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты биыл волонтерлердің жылы болды. Біз де өзіміздің еріктілерімізбен жиналыс өткіздік. Арасында француздар, қазақстандықтар, ресейліктер мен украиналықтар бар. Бірақ фильмдерді аудару секілді негізгі жұмысын француздарға атқаруға тура келді.

Қазақстан мен өзге елдердің де кино саласындағы қайраткерлері де бұл шараға қолдау білдірді. Режиссер Сергей Дворцевой және «Қыз Жібек» рөлін сомдаған Меруерт Өтекешова көрермендерге арнап, бейнеүндеу жасады. Індет басылғаннан кейін Франциядағы Қазақстан кино қауымдастығы бұл фильмдерді Париждегі кинотеатрда көрсетуді көздеп отыр. Сондай-ақ қазақ киносының клубын да ашпақ.

Хабар 24 телеарнасы