423,04 511.30 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Театрлардың карантиннен кейінгі тынысы қандай?

  • 101
  • UPD: 12:11, 20.12.2020

Пандемия өнерге тұсау емес. Карантиннен шыққан театрлар жаңа маусымға сақадай сай, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сиясы кеппеген қойылымдар санын көбейткен. Ал, қашықтық актерлердің дайындығына кедергі болмаған. Көрермен мен әртістердің бір-бірімен сағына қауышқаны соншалық, қойылым билеттері де бір ай бұрын сатылып кеткен. Театрлардың карантиннен кейінгі тынысы қандай?

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Еліміздегі театрлар жаңа маусымын ерекше толғаныспен бастады. Сүйікті әртістерін онлайн ғана көріп келген көрерменнің де сағынышында шек жоқ. Карантинге дейінгі қым-қуыт тірлік қазір түстей көрінеді. Қойылымдар саны бұрынғыдан үш есе аз. Кірістің қомақты бөлігі қысқарған. Алайда ұзақ үзілістен кейін халық пен театр бір-бірін жатсынбады. Соның айғағы болар, Елордадағы орыс театрында қойылым билеттері бір ай бұрын сатылып кеткен.

Айболат Жаудыр, М.Горький атындағы мемлекеттік-академиялық орыс драма театрының директоры:

- Халықтың сұранысы өте көбейіп келе жатыр. Театрға біз ойлаған едік адамдар қорқа ма? Келмей қала ма? Билет сатылымы төмен түсіп кете ме деп қорықтық. Жоқ оған қарап жатқан жоқ. Себебі, халыққа өнермен тірі байланыс жасау керек сияқты. Осы қажеттілікті театр өтей алады.

Пандемия өнерге тұсау емес. Оған Музыкалық жас көрермен театрының ашылуы дәлел. Шымылдығы «Абай-Тоғжан» премьерасымен түрілді. Шәкәрім жайлы қойылым да көрерменге тарту етілмек. Форматы бірегей театрда Берік Айтжанов, Самал Еслямова, Аян Өтепберген сынды өнер иелері бой көрсетеді. Жаңалық бұл ғана емес, әртістеріміз карантинді текке өткізбеген. Шеберлігін шыңдап, өнердің тың түрін игеріпті.

Асхат Маемиров, Музыкалық жас көрермен театрының жетекшісі:

- Н.Өтеуілов «Жан» спектаклін қойды. Жалғыз өзі ғана ойнайды. Т.Мейрам халық әртісі «Майдангер әні» деген спектакль қойды. Алматыда Ф.Молдағали А.Әшімовтің күнделігіне арналған «Менің жанрым – күнделік» деген бір адамға арналған, бір сағаттық шағын камералық спектакль қойды. Сондықтан бұл өз кезегінде өнердің өзгеше қырларын ашуға көмектесті. Әрине, көрерменмен сырласқаннан тікелей онымен байланыс орнатқанға ештеңе жетпейді.

Жартыжылдық үзілісте әртістер жаңаша ой қорытып, көзқарасын өзгерткен. Олардың өмірге, өнерге деген махаббаты еселене түскендей.

Айгүл Иманбаева, АИ театрының жетекшісі, актриса:

- АИ театры өзінің 10 маусымы шымылдығын осыдан бір апта бұрын аштық. Бір апталық қылып өткіздік. Екі жаңа спектакль қойдық. Өте сағынысып қауыштық. Сөз жеткізіп айта алмайтындай дүние. Әр сөзіңді қабылдап отыруы шөліркеп қалғандығын білдіреді.

Қашықтан жұмыс істеген әртістердің бәріне жалақысы уақытылы төленіп тұрды. Жұмыссыз қалғандары жоқ. Ал онлайн дайындықтар кәдімгі дағдыға айналды. Бастысы, жаңа маусымда көрерменді айрықша премьералармен қуантады.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Ерзат Зайытхан

Хабар 24 телеарнасы