424,44 504.55 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Абайдың мүсіні БҰҰ-ның Женевадағы ғимаратына қойылды

  • 341
  • UPD: 17:33, 20.12.2020

Абайдың қола мүсіні Біріккен Ұлттар Ұйымының Женевадағы ғимаратына қойылды. Хакімнің 175 және Біріккен Ұлттар Ұйымының 75 жылдық мерейтойына орайластырылған салтанатқа Еуропалық кеңсенің бас директоры Татьяна ВаловАя, Қазақстанның, ТМД елдерінің және Түркияның тұрақты өкілдері қатысты. 

Жанат Эрнст, тілші:

- Ұлы ақын, ағартушы, гуманист және философ Абай Құнанбайұлының мүсіні Біріккен Ұлттар Ұйымының Женевадағы бөлімшесі ғимаратындағы қарусыздану бойынша Конференциялар залының алдына орнатылды. Хәкім Абайдың ескерткішін белгілі қазақ мүсіншісі Талғат Анарбек жасаған.

Ескерткіштің ашылу салтанатында қазақстандық дипломаттар Абайдың 175 жылдық мерейтойынан және Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөздерінен бейнежазба көрсетті. Қазақ басшысы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының 75-сессиясында Абайдың жасампаздығына тоқталып, хакімнің Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылуынан тура 100 жыл бұрын ғаламдық қауымдасудың өзіндік формуласын ұсынғанын айрықша атап өткен болатын. Ұйымның Женевадағы бөлімшесінің бас директоры Татьяна Валовая ерекше сыйлық үшін алғысын білдірді. Ол елімізді Тәуелсіздік күнімен құттықтап, егеменді Қазақстан 30 жылға жуық уақыт бойы халықаралық саясатта, экономикалық, әлеуметтік және мәдениеттер арасындағы ынтымақтастықта өте маңызды рөл ойнап келе жатқанын тілге тиек етті.

Татьяна Валовая, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры:

- Бұл біз үшін зор құрмет әрі үлкен мереке. Биыл Біріккен Ұлттар Ұйымының 75 жылдығы мен Абайдың 175 жылдығының сәйкес келуі де тегін емес, бұл көп нәрсені аңғартады. Себебі Абай Құнанбайұлы әлемдік деңгейде ой толғаған философ, біртуар ақын, композитор. Ол шын мәнінде Қазақстан рухының жарқын көрінісі. Осы ескерткішті көрген әрбір адам Абайдың сөзін оқып, терең мағынасын ұғып, бүгінгі заманмен де астасып жатқанын түйсінеді деп ойлаймын.

Қазақстанның Женевадағы Біріккен Ұлттар Ұйымы бөлімшесіндегі тұрақты өкілі Жанар Айтжанова Абайдың 175 жылдығы біздің елде де, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымы ЮНЕСКО конференциясының аясында ДА кеңінен тойланғанын атап өтті.

Жанар Айтжанова, ҚР-ның Женевадағы БҰҰ бөлімшесіндегі және басқа халықаралық ұйымдардағы тұрақты өкілі:

- Бұл Қазақстан үшін өте маңызды және ерекше оқиға. Өйткені Абайдың өзі Қазақстанның шығысы Семей қаласынан. Семейде қырық жылдан астам ядролық сынақтар өткен. 29 тамыз күні 1991 жылы ол біздің Бірінші Президентіміз Нұрсұлтан Абішұлы Назарбаевтың Жарлығымен жабылған болатын. Сондықтан Қазақстан Республикасының инициативасы бойынша 29 тамыз Біріккен Ұлтттар Ұйымының Генеральная Ассамблеясында ядролық тесттерге қарсы күн болып табылады. Абайдың сөздері қазіргі күні осы глобалды жағдайды ескере отырып, өте ерекше маңызы бар және әлі күнге дейін күші бар деп санаймыз.

Садик Арслан, Түркияның Женевадағы БҰҰ бөлімшесіндегі тұрақты өкілі:

- Бұл күн біз үшін бақыт пен мақтанышқа толы болды. Қазақстан мен түбі бір түркі жұртының ойшылы, ақыны Абайдың ескерткішін Біріккен Ұлттар Ұйымының Қарусыздану конференциясы алдында салтанатты түрде аштық. Ортақ мәдени мұрамыздың бір бөлшегі болып саналатын Абайды құрметпен еске аламыз. Күллі адамзатқа құтты болсын. Оның шығармалары бүкіл әлемге жол көрсететініне сенімдімін. Осылайша, түріктер мен қазақтардың бейбіт әрі адами құндылыққа толы ұстанымымен таныс болатынына еш күмән жоқ.

Жанат Эрнст, тілші:

- Біріккен Ұлттар Ұйымының Женевадағы бөлімше ғимаратында ұлы ақын Абайдың мүсінін ашу үлкен мүмкіндік беріп отыр. Енді кемеңгер философтың баға жетпес бай мұрасын әлемдік қауымдастыққа Біріккен Ұлттар Ұйымының идеалдары тұрғысынан кеңінен насихаттауға жол ашылды.

Авторлар: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов

Хабар 24 телеарнасы