419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Карантин қазақ әдебиетінің қоржынын толтырды ма?

  • 224
  • UPD: 09:16, 21.12.2020

Экономиканы жарға жыққан карантин әдебиетке жаққан сынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оқшаулану шығармашылық адамдардың шабытын шалқытып, тыныштықта туындыларын таразыдан өткізуге таптырмас мүмкіндік болыпты. Сондықтан қазақ әдебиетінің өкілдері бұл уақытты босқа өткізбегенін айтады. 

Шабыт келгенде қандай! Біраз ақын-жазушы ойда жүргенін қағаз бетіне түсіріпті. Оңашада отырып, ойдай дүние жазғандары көп. Ақын Бақыт Беделхан өзі білетіндердің біразын тізіп айтып берді. Оспанхан Әубәкіровтың ізімен, Шона Смаханұлы салған жолмен сатира жазғандар да бар. Соңғы жылдары бұл жанрда жазатындар азайып кеткен еді дейді.

Бақыт Беделхан, ақын:

– Қанағат Әбілхайыр деген сатира жанрындағы жазушымыз бар. «Қайыршының миллиардер досы» деген кітабын жақында ғана шығарды. Бұл да осы қамалып жатып, қамау тері алынған қаламгердің туындысы. Бұл да бір қазақ әдебиетіне қосылған үлес.

Ақынның айтуынша, қазақ әдебиетіне қосылған үлес қомақты. Мысалы, бір сұхбатында Дулат Исабеков «Пушкин. Абай. Және басқалар» атты қомақты мақала, Несіпбек Айтұлы екі топтама өлең, Алдан Смайыл күнделік жазғанын айтыпты. Жастар жағы да белсенді. 

Бақыт Беделхан, ақын:

– Дәурен Қуаттың «Бөрі соқпағының» өзі одан бері жазып жатқан шығармалары жастардың арасында көп. Осы карантин кезінде әлеуметтік желіде де елдің рухын оятатын, санасына серпіліс әкелетін, ойландыратын, толғандыратын шығармалар көптеп жазылды. Сосын біздің Несіпбек Дәутаев ағамыз да құр жатқан жоқ. Толымбек Әбдірайымов деген ағамыз бар.

Сәуле Досжан әпкеміздің«Қасірет» дейтін Семей полигоны туралы сұмдық шығармасы бар. Негізгі тарихи деректерге сүйеніп отырып жазылған.

Карантинде құр жатпаған жастың бірі – Есболат Айдабосын. Айтуынша, тек өзі емес, шығармашылықтағы әріптестері де тынымсыз еңбек еткен. Оқшауланып отырғанда ойланып, басталмай жатқан дүниелерді қолға алыпты.

Есболат Айдабосын, журналист, жазушы:

– Мынадай шығармамды аяқтадым, әңгімемді бастадым, соңғы нүктесін қойдым деген әңгімелерді, сөздерді көп естідік. Менде де кезінде жазып бастаған, жартылай жазылған, ойда жүрген, басталмай тұрған дүниелер болған. Сондай үш әңгімемді бітіріп, бір қайнауы кемшін болып тұрған дүниелерді бір-бір қарап, аяқтадым.

Індет тарап, халықты үрей билегенде жазылған дүниелер осы кезеңнің бір белгісі болып қалады. Нақты карантин тақырыбын қозғағандар көп емес. Есболат жазған 3 әңгіменің бірі – пандемия туралы. Айтуынша, жазылу стилі өзгеше. Тележурналист болғандықтан, геотитр қолданып, қысқа-нұсқа жеткізуді жөн көріпті.

Есболат Айдабосын, журналист, жазушы:

– Коронавирус келген кездегі ахуал, сол кездегі шок жағдайды, халықтың үрейін белгілеген «Қарға қырылған» деген әңгіме жаздым. Сол кездегі көңіл-күй, тап бір коронавирус келіп, халық үрке қарап, сескеніп, қорқа қарап тұрған кездегі көңіл күйді берген әңгіме болды деп ойлаймын.

Індет тарап жатқанда қайдағы жазу дейтіндер де жоқ емес. Дәл осы карантин тақырыбындағы дүниелер елдің есінде қалмайды дейтіндер бар. Не десек те, әлемдік классикадағы үздік шығармаларды қамауда отырған авторлар жазған екен. Ендеше карантин қазақ әдебиетінің қоржынын толтырды деп үміттенейік.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Нұрдәулет Жақсыбаев

Хабар 24 телеарнасы