424,44 504.55 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ел еңсесін көтерген Абай жылы

  • 284
  • UPD: 09:17, 21.12.2020

Биыл қазақтың бас ақынының 175 жылдығы ерекше жағдайда өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен Абай тойы бір күндік қызықтан гөрі әлеуметтік мәні бар науқанға айналды. Қауіпті індетке байланысты көптеген бұқаралық-көпшілік шаралар өтпегенмен, ақынның туған жерінде іргелі жобалар қолға алынып, тарихи-мәдени кешендер қайта жаңғыртылды. Жолдар жөнделіп, жаңа саябақ, мектеп, Құнанбай қажыға музей ашылды.

Абай ауданында биыл құрылыс қарқыны карантиндік шектеулерге қарамастан төмендеген жоқ. Керісінше еселене түсті. Бөрілідегі Мұқтар Әуезовтың музейі күрделі жөндеуден өтсе, Сырт Қасқабұлақ пен әйгілі Жидебай өзгеше кейіпке еніп, ұлы ақынның рухына тағзым етуге келетін жұртшылыққа қолайлы жағдай жасалды. Бұрын елеусіз қалып келген Ақшоқыдағы Құнанбай әулетінің қорымы да абаттандырылды. Қайраткер тұлғаны жақын тану үшін жаңа музей ашылды.

Әсет Мырзақасымов, Абай аудандық «Абай елі» газетінің редакторы:

– Қасым-Жомарт Кемелұлы келіп, Семейде зиялы қауымның басын қосқан уақытта ондағы тарихи сөзін біз ешуақытта ұмытпаймыз. Абайды ұлықтаған кезде оның әкесі Құнанбайды ұмытпау керек деген сөзі Құнанбайтануға жол ашты деуге болады. Сол Мемлекет басшысының сөзінен кейін Ақшоқыдағы қорым абаттандырылып, Құнанбайға арнайы музей ашылды. Құнанбай – өз заманында керемет қайраткер болған адам. Ол үлкен ойлау жүйесінің адамы болған. Құнанбай тарихта бар адам, сондықтан Құнанбайға жасалған бұл құрметті Абай халқы да жақсы сезініп отыр.

Биыл Үкімет қаулысымен ел күнтізбесінде тағы айтулы дата пайда болды. Бұдан былай 10 тамыз ресми Абай күні болып белгіленді.

Төлеубек Аманғазы, Абай аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы:

– Абай жылы деп Президент арнайы осы күнді белгілеп бергені дұрыс шешім болды деп ойлаймын. Сондықтан да Абайды ұлықтау бәріміздің міндетіміз болу керек. Абайдың сөзінің, оның өсиетінің аясында біз өмір сүруіміз керек. Қоғамды солай құруымыз керек, тәрбиелеуіміз керек, тәрбиеленуіміз керек. Абай арқылы қазақ болуымыз керек деп ойлаймын.

Абай ауданының орталығы Қарауыл ауылында да ел тұрмысын жақсартып, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге бағытталған жобалар көп. Көшелер жөнделіп, жаңадан тұрғын үйлер салынды. 300 орындық жаңа мектеп, Абай саябағы бой көтерді. Ауызсу мәселесі де келесі жылы толық шешімін таппақ. 5-6 жылдан бері қаңырап тұрған мына ғимарат та биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы арқылы жөндеуден өтіп, оған 32 миллион теңге жұмсалған.

Еркебұлан Сағындықов, Абай аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:

– Ауданда жыл сайын өтетін спорттық шаралар кезінде балалар, спортшылардың жататын орны қиындық туғызатын. Сондай мақсатпен кейбір бөлмелерді спортшылардың жатуы үшін арнайы жабдықтап жатырмыз. Және де кіші-гірім асхананы дайындап, келген спортшыларға туғызуға есептедік. Екіншіден, жаңадан көркем гимнастика, жеңіл атлетика, Президенттік көпсайыс сияқты, спорт түрлерін ашу жоспарда.

Жарқынбек Байсабыров, Абай ауданының әкімі:

– Президентіміздің сөзі бар, мәселе той тойлауда емес, жалпы халықтың жағдайын жасауда әлеуметтік жағдайларын қалпына келтіруге жұмыс жасауымыз керек деп. Биылғы жылы Жұмыспен қамту бағдарламасы арқылы ауданымызда 29 жоба іске асырылды. Сол 29 жоба 5 миллиард 900 миллион теңгенің қаражатына жасалды. Бұл халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, жұмыс орындарын ашуға, бір сөзбен айтқанда елдің еңсесін көтерген үлкен жақсы жыл болды десек артық емес.

Жаңадан салынған әлеуметтік нысандар халық тұрмысын түзесе, мәдени кешендердің қайта жаңғыруы аудан экономикасына қосымша табыс көзі болуы тиіс. Өйткені қауіпті індеттің беті қайтқанда, туристер саны да артады деген жоспар бар.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы