425,70 504.60 5.77
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елордада ақындар мүшайрасының жеңімпаздары марапатталды

  • 223
  • UPD: 10:13, 22.12.2020

Елордада «Жүрегімнің түбіне терең бойла» мүшайрасының жеңімпаздары марапатталды. Биыл байқау ұлы Абайдың 175 жылдығына арналды. Жыр жарысының жалпы жүлде қоры 7 миллион теңгеден асады. 

Республикалық мүшайрада топ жарған үздіктер қатарында елге белгілі ақындар да бар. Солардың бірі елордалық Жанат Әскербекқызы бас жүлде иегері атанды. Ал Қабиден Қуанышбай бірінші орынды еншіледі. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қаржылай сыйақы табысталды.

Абай – руханият көгінде жарқыраған ерекше жұлдыз. Оның өшпес жырлары, ғажайып әндері, адамзаттық ойлары мен терең білімі ұлтымыз үшін асыл мұра. Қадіріне жетіп, мәңгілік әспеттей білсек, ұтарымыз көп. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл ұлы ақынның 175 жылдығын тойлауға мемлекеттік маңыз берді. Абай шығармалары кең насихаттала бастады. Әлем елдерінде танымалдылығы артты.

Жалпы республикалық деңгейдегі мүшайра жыл басында жарияланды. Ақындар шығармаларын онлайн жолдап, маусым айында жеңімпаздар анықталды. Іс-шараны ұйымдастыруға Сәкен Сейфуллин музейі ұйытқы болды. 

Несіпбек Айтұлы, ҚР ЕҢбек сіңірген қайраткері, ақын:

- Осы біздің мүшайрадан қанша ақын шығып жатыр. Арман Шеризат деген. Бірінші орын алған Қабиден Қуанышбай бар. Исраил Сапарбай сияқты қазақтың үлкен көрнекті ақындары да бар. Сондықтан мына бәйгеде жасқа қарамаймыз біз.

Қабиден Қуанышбай, ақын:

- Бұл жерде поэзияның, өлеңнің бәйгесі болды. Сондықтан бұл жерде Абайдың рухы жеңді ғой деп ойлаймын.

Республикалық мүшайра елордада осымен 10-мәрте өтті. Келер жылы да жалғасын табады.

Авторлар: Рауан Мыңбаев, Нұрғали Мамырбаев

Хабар 24 телеарнасы