424,94 504.55 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодарда ұлы Абайға ескерткіш орнатылды

  • 433
  • UPD: 16:57, 23.12.2020

Павлодарда хәкім Абайға ескерткіш орнатылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұлы ойшыл, кемеңгер ақын, қазақтың мақтанышы – Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойын Ертіс өңірінің жұртшылығы осындай тарихи оқиғамен қорытындылап отыр. Ескерткіштің тұғыры мәрмәр тастан соғылған. Көркем қоладан құйылған мүсіннің биіктігі – 5,25 метр. Оған «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп...» деген Абайдың  сөздері жазылған. Авторы – Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, мүсінші Асқар Нартов.

Айта кетейік, ол Баянауылдағы Шәкен Аймановтың да ескерткішін сомдаған.

Рымтай Шөкеев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

- Ұлы Абайды білмейтін кісі жоқ. Біз мынау екі мемлекеттің шекарасында тұрамыз. Сондықтан ұлы Абайдың ескерткіші біздің Павлодар қаласында ашылуының өзі ұрпаққа пайдасы зор. Сондықтан мен Павлодар облысының тұрғындарын осы ұлы Абайдың ескерткіші ашылғанымен құттықтаймын.

Ғарифолла Есім, философия ғылымдарының докторы:

- Ескерткіш Абайға керегі жоқ, ескерткіш бізге және бізден кейінгі ұрпаққа керек. Осындай ескерткішті мен Әзербайжанда Низамиға қойғанды көрдім. Мен Өзбекстанда Науаиға қойғанды көрдім. Түркияда Юнус Емреге қойғанды көрдім. Өзін елмін, халықпын, мемлекетпін деген жерде сол елдің мықты-мықты тұлғаларына ескерткіш қойылады. Бұл – өркениеттік тәсіл. Сондықтан сіздер осы өркениеттік жолға түсіп отырсыздар. Бұл Абайдың жолы, елдің жолы.

Хабар 24 телеарнасы