420,66 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қандасымыз Қытайда домбыраны дәріптеп жүр

  • 225
  • UPD: 19:22, 23.12.2020

Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра. Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра. Қытайдағы қандасымыз Мұрал Бимұрат Бейжіңдегі универсиетте сабақ береді. Алғашқы домбырасын қолына 4 жасында алған ол, қазақтың киелі аспабын сол кезден бастап дәріптеумен келеді.

Мұрал Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономды аймағындағы Үрімші қаласында туып-өскен. Әкесінің дос-жарандары қонаққа келіп, қара домбырада ән-күй төккен сәт бала Мұралға қатты әсер етеді. Алғашқы домбырасын қолына 4 жасында алған. Оқуын аяқтағаннан кейін ол Бейжіңде домбыра мектебі ашылғанын естіп, бірден құжаттарын өткізеді. Осылайша жас таланттың үлкен музыкалық өмірі басталады. Жас жігіттің таңдауын ата-анасы бірден қолдай қоймағанымен Мұрал айтқан бетінен қайтпайды. Жоғарғы оқу орнын аяқтаған соң шығармашылық топпен Қазақстанға келеді. Бірақ қатты толқыған жас әнін нақышына келтіре алмай қалады. Ақыры жас өрен тарихи отанында білім алып, шеберлігін шыңдауға бел буады.

Мұрал Бимұрат, Қытай ұлттары орталық университетінің оқытушысы:

- Ақырындап бір-екі жыл қызмет істегеннен кейін осы Пекиндегі қызметімді тастап, Қазақстан еліндегі ең жоғарғы деңгейдегі оқу ордасы консерваторияға түсіп, білімді асырдым. 

Магистратурада оқу жас маманның білімін жүйелендіруге көп көмектеседі. Бірақ Алматыдағы студенттік өмір қиындықсыз болмағанын айтады. 

Мұрал Бимұрат, Қытай ұлттары орталық университетінің оқытушысы:

- Магистратурға түскеннен бастап, барлық сабақты қазақша оқыдым. Сонда бірінші сабағым философиядан басталған ғой. Өте қиын. Мұғалім отыр, бір кітапты оқып жатыр. Сосын мен дәптерге жазып отырмын, жете алмай қаламын, айтқан сөзін дұрыс қабылдай алмай қаламын деген сияқты. Сөйтіп, сондай көп қиыншылық болған. Мысалы, тағы асханаға барып, тамақ ішкенде тамақтың атауын білмеймін. Содан кейін такси шоферімен сөйлесе алмаймын деген сияқты. Артынан ақырындап бәрін үйреніп, бір-екі жыл өткеннен кейін ол тұрмысқа да үйреніп қалдым.  

Қазір Мұрал Бейжіңдегі өзі оқыған университетте сабақ беріп, студенттерін қазақ консервториясында алған білімімен сусындатып келеді. Сонымен қатар шағын топта ойнайды. Оның жаңа бағытына джаз және рок-музыкамен әуестігі ықпал еткен. Қазіргі қазақстандық әншілерді тыңдағанды ұнатады.

Мұрал Бимұрат, Қытай ұлттары орталық университетінің оқытушысы:

- Ол группа атауы Хайя. «Хайя» деген моңғол тілінде шет деген сөз. Мысалы, аспанның шеті, Аспанда шет деген нәрсе болмайды, бірақ көзге көрінген шет. Аз ұлттардың мәдениетін осы елге таныстырып, шетелге таныстыру  мақсатымен құрған. Енді мен өз басым 2015 жылы осы группаға қатысқанмын. Енді осы группада домбыра мен гитарада ойнаймын. 

Мұрал музыкалық шығармашылық топпен бірге өзге де түрлі жобаларға қатысады. Қандасымыз аспаптарда ойнап қоймай ән де шығарады. Бір альбомы жарық көріп, енді екіншісін дайындап жатыр.  

Арманы ұжымымен Қазақстанда өнер көрсету. 

Автор: Ботагөз Сырғабаева

Хабар 24 телеарнасы