419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Абай жылындағы айшықты іс-шаралар

  • 291
  • UPD: 09:48, 30.12.2020

Биыл қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Індетке байланысты жоспарланған іс-шаралар жаңаша форматта ұйымдастырылды. Дегенмен бұл кемеңгердің мерейтойы елеусіз қалды деген сөз емес. Керісінше, Абай тойы бір күндік қызықтан гөрі әлеуметтік сипаттағы науқанға айналды.

Маңдайына біткен ұлы ақынды халқы ардақ тұтады. Әсіресе, кемеңгердің кіндік қаны тамған жердің жұрты қадірлеуі заңды. Мерейлі жылдың маңызын семейліктер айшықтады. Қалада «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» атты ескерткіш пайда болды. Жалпы Абайдың мүсіні еліміздің барлық қаласында дерлік бар. Бірақ бұл жолы ойшылдың жалғыз өзі емес, қос ұлы Ақылбай мен Тұрағұлдың бейнесі қатар қашалды. Салтанатты шараға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қатысып, шымылдығын ашып берді. 

Атаулы жыл аясында ақынның атын ұлықтайтын жобалар еліміздің әр өңірінде жүзеге асты. Еңселі ескерткіштер бой көтеріп, оқу орындары мен көшелерге Абайдың есімі берілді.

Десе де, ең тамаша тартуды тұрғындар өз қолымен жасады. Мәселен, алматылық жас суретші Джохар Юнусов ойшылдың суретін асфальт бетіне бедерледі. Ерекше өнер тұрғындардың назарын бірден аударды. Себебі бұл портретті салуға әдеттегі бояу емес, 18 литр су жұмсалған.

Джохар Юнусов, суретші:

– Мен өзім инстраграм парақшада отырған кезде бір бейнероликті көрдім, бір қыз асфальтқа сумен көбелектің суретін салып жатты. Сол видеоны көргеннен кейін сумен үлкен портрет салуға болады екен дедім.

Кемеңгердің басты мұрасы – қара сөздері де жаңаша жарық көрді. Жас қылқалам шеберлері оны суретпен жеткізуге тырысқан. Арнайы оздырылған байқауға еліміздің әр түкпірінен 300-ден астам еңбек қатыстырылды. Жас ұрпақтың біртуар тұлғаның шығармашылығын танып-білудегі құлшынысы қуантты дейді ұйымдастырушылар.

Мөлдір Бекжан, қоғамдық қор директоры:

– Еліміздегі жағдайға байланысты байқауға қатысушылар аз болады деп қорықтық. Бірақ бекер екен. Балалар белсенді түрде суреттерін жіберіп, Абайдың қара сөздерін ыждаһаттылықпен оқып, өз туындыларында жеткізуге тырысқан.

Осылайша дара тұлғаның мерейтойында ұлан-асыр той болмағанымен, әлеуметтік сипат алып, халық арасында кең насихатталды.

Тек ел аумағында ғана емес, әлемдік деңгейде де тарихи істер атқарылды.

Мәселен, Абайдың қола мүсіні Біріккен Ұлттар Ұйымының Женевадағы ғимаратына қойылды. Хакімнің 175 және Біріккен Ұлттар Ұйымының 75 жылдық мерейтойына орайластырылған салтанатқа Еуропалық кеңсенің бас директоры Татьяна Валовая, Қазақстанның, ТМД елдерінің және Түркияның тұрақты өкілдері қатысты. Бұл Абай мұрасы әлемге ортақ құндылық екенін тағы бір дәлелдей түсті.

Татьяна Валовая, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің бас директоры:

–Бұл біз үшін зор құрмет әрі үлкен мереке. Биыл Біріккен Ұлттар Ұйымының 75 жылдығы мен Абайдың 175 жылдығының сәйкес келуі де тегін емес, бұл көп нәрсені аңғартады. Себебі Абай Құнанбайұлы әлемдік деңгейде ой толғаған философ, біртуар ақын, композитор. Ол шын мәнінде Қазақстан рухының жарқын көрінісі. Осы ескерткішті көрген әрбір адам Абайдың сөзін оқып, терең мағынасын ұғып, бүгінгі заманмен де астасып жатқанын түйсінеді деп ойлаймын.

Бұдан өзге Болгария мен Грузияда Абай Құнанбайұлы атындағы көше пайда болды. Ұлы ақынның құрметіне Бухарестте мүсін ашылып, Бакуде ескерткіш тақта орнатылды. Данышпанның есімін дәріптеу бағытында алыс-жақын шет елдерде бас-аяғы 100-ден астам іс-шара ұйымдастырылды.

Ал Ұлыбританияның Кембридж университеті Абайдың еңбектерін ағылшын тілінде басып шығарды. Ұлттық аударма бюросы тәржіма ісіне британиялық тәжірибелі аудармашыларды тартқандарын айтады. Олар алдымен ұлы ақынның шығармашылығын терең зерттеп, тұңғиығына бойлауға тырысыпты.

Шон О’брайен, аудармашы, ақын:

– Абай өлеңдеріне ағылшын тілінде жан бітіру мен үшін үлкен сын болды. Аударманың сәтті шығуы үшін кәсіби күш-жігерімді аямадым. Әуезділігін, мәнін толық жеткізе білу, сөйлем құрылымын сақтау, драматизмді ұстану, бәрі-бәрі мен үшін өте маңызды болды.

Биыл Үкімет қаулысымен ел күнтізбесінде тағы айтулы дата пайда болды. Бұдан былай 10 тамыз ресми Абай күні болып белгіленді. Сондай-ақ жоғары оқу орындарында абайтану курсын оқыту қолға алынады. Қорыта айтсақ, індетке қарамастан ойшылдың ғибратты ғұмырын, ұлағатты мұрасын насихаттау өз деңгейінде өтті деуге болады. Данышпанның даралығын дәріптейтін маңызды жобалар алда да жалғаса бермек.

Авторы: Назерке Тоқжан

Хабар 24 телеарнасы