Алматыда стрит арт өнері дамып келеді

Алматыда стрит арт өнері дамып келеді. Жуырда қаланың Түрксіб ауданындағы үйлердің бірінде күннің суретін салып тұрған сүйкімді баланың суреті пайда болды. Ал екінші муралда ақылдың кені кітаптар бейнеленген. Әдемі суреттер ықшам ауданның шырайын келтіріп, жергілікті тұрғындардың көңілін бір көтеріп тастады.

Бұл муралдың биіктігі 15 метрден асады. Суретшілер Ержан Танаев пен Әли Зәкір биіктікте жұмыс істеуге әбден үйренгенімен күні бойы аязда жүру оңай емес. Бірақ өнердің қадірін білетін тұрғындар ыстық шәй мен дәмді тағамдарын әкеліп тұрыпты.

Әли Зәкір, суретші:

- Бұл жұмысты біз осыдан 3-4 жыл бұрын жасағанбыз эскизін. Және бұл жұмысты іске асыру осы 2020 жылы ыңғайы келді. Бұл жұмысты Тәуелсіздік күніне арнадық. Мына жерде кішкентай баланың бейнесі. Ол біздің жарқын болашағымыз және біздің туымыздың түстері.

Тағы бір композиция кітаптарға арналған. Екі муралда адам көп өтетін орынға салынған. Қазір бұл маңға келген адамдар суретке түспей кетей алмайды.

Майра Кусева, қала тұрғыны:

- Өте ұнайды маған мына үйдің сыртына салған суреттер. Өте әдемі көрінеді. Сосын осы заманға сай. Ана күні мамамды тұрғызып суретке де түсіріп алдық сыртынан.  

Сурет өнерінің бұл түрімен шығармашылық топ 7 жылдан бері айналысып келеді. Осы уақытқа дейін Қазақстанның көптеген қалаларындағы үйлерді безендірген. Олардың еңбектерін Нұр-Сұлтан, Павлодар, Ақтөбе және өзге де қалалардан көруге болады.      

Ұлан Нарынбек, Анастасия Вылегжанина, Мұхит Құдықбаев