414,36 504.70 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Хабар» арнасында «ДАЛА BATTLE» реалити-шоуы басталады

  • 213
  • UPD: 18:23, 16.01.2021

Бүгін «Хабар» арнасында «ДАЛА BATTLE» реалити-шоуы басталады. Спорт пен өнерсүйер қауымның басын біріктіретін жоба эмоция мен тартысқа толы болмақ. Телевизиялық шоуға қатысатын танымал спорт жұлдыздары мен өнер майталмандары сан түрлі қауіпті сынақтардан өтіп, ұлттық спорттан сайысқа түседі. 

«ДАЛА BATTLE» реалити шоуын көрермендердің асыға тосып отырғаны анық. Өйткені бұл тек жүректі де білекті жігіттер қатысатын теңдессіз жоба. Спорт серкелері мен өнер жұлдыздары жұптасып сан түрлі сынақтан өтеді. Бұл тек ғана спорттық сайыс емес, білім мен ақыл ойдың да таразыға тартылатын кезі. Үміткерлер қыл көпірмен өтіп тауға өрмелейді. Асау мініп, садақ тартады. Биіктен секіріп, ақын өлеңдерін жатқа оқиды. 

Асылхан Төлепов, актер:

- Өмірі  істеп көрмеген нәрселерімді істедім. Ішкі жан дүниемдегі жат нәрселер бар еді соларды жеңе білдім. Мына тауға шығу, тауға өрмелеп шығу өмірі істеп көрмегем.  Мына биіктігі 127 метр, ұзындығы 546 метр тарзанкамен секіру дейді. Оны де істеп көрмегем. Фобия дейді. Жылан құрт-құмырсқа сияқты.

Жоба жетекшілерінің айтуынша, бұл бағдарламаның жастарға берер тәлім-тәрбиесі мол. Жастардың спортқа деген құлшынысын арттырып, оларды шыдамдылыққа, төзімді болуға шақырады. Сондай-ақ бұл шоуда ұлттық спортымыз да кеңінен дәріптеледі.

Мейіржан Әлібек, жоба авторы әрі продюсері:

- Мен бұл жобаға іштей сендім. Осының былай айтқанда жобаның қуаттылығына, бұның халыққа береріне идеологиялық тұрғысынан дұрыс екеніне өзім сендім де осы «Хабар» телеарнасының басшылығына келіп ұсындым. Ол кісілер өте жақсы, жылы қабылдады.

Бұл реалити-шоуда жігіттердің жан-жақты екенін, олардың қаншалықты шапшаң және шымыр екенін көруге болады. Тіпті кейбір актерлер спортшылар қолынан келмейтін рекордты жаңартса, спортшылар білімнен кенде емес екенін көрсетеді. 

Шоуға Ақжүрек Таңатаров пен Арман Оспанов, Айдар Шәрібаев пен Асу Алмабаев секілді спортта жұлдызы жанған жігіттер мен Асылхан Төлепов, Дәурен Серғазин, Тәуекел Мүсілім бастаған актерлер қатысады. «ДАЛА BATTLE»-дың тұсаукесері бүгін кешкі 19:00 де «Хабар» арнасында көрсетіледі. Бағдарламаны әр апта сайын тамашалап отыруларыңызға болады.

Авторлар: Жандос Айтбайұлы, Радик Жақыпов

Хабар 24 телеарнасы