Димаш АҚШ президентін инагурациялау апталығының ашылуында «Самалтау» әнін шырқады

17 қаңтарда АҚШ президенті Джо Байденнің инагурациялау апталығының ашылуына арналған салтанатты іс-шара өтті.

Онда Димаш қазақтың «Самалтау» халық әнін орындады, деп хабарлады dimashnews.com.

Дәстүр бойынша салтанатты шараны бауырлас қалалардың халықаралық қауымдастығы – Sister Cities International ұйымы өткізді. Коронавирус пандемиясына байланысты биыл шара онлайн режимде өтті.

Мерекеде белгілі спикерлер мен орындаушылар сөз сөйледі, олардың ішінде губернатор Билл Анабутти, Джозефина Биверс, генерал-майор Армандо Кабада, конгрессмен Элеонора Холмс Нортон, майор Тим Келлер, сенатор Боб Менендез, АҚШ теңіз оркестрі, Кэрол Робертсон Лопез және басқалар бар.

Салтанатты рәсім кезінде Димаш Құдайберген қазақтың халық әні «Самалтауды» орындады. Бұл АҚШ-тың сайланған президентін инагурациялау апталығын ашатын іс-шарада Sister Cities International мен АҚШ және Қазақстан қарым-қатынасының тарихында Қазақстаннан алғаш рет әртіс қатысқан кез болды.

Димаш SCI өкілдеріне шақырғандары үшін алғысын білдірді. Sister Cities International бас директоры Лерой Аллала өз кезегінде қазақстандық орындаушының шығармашылығы адамдарды, олардың мәдениеті мен тілін біріктіретінін атап өтті.