Ерекше мүсіндер жасайтын елордалық арнайы музейдің ашылуын қалайды

Елбасының мүсінін жасаған адам.

Көпшілік Айдос Есмағамбетовті осылай атайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінде оның қолынан шыққан туындылар еліміздің әр түкпірінде музейлерге қойылған. Ал енді бірі шетел асып, ондағы жұрттың таңданысын туғызуда.

Айдос Есмағамбетов– кәсіби мүсінші. Бар уақыты аядай бөлмеде өтеді. Қазір де кезекті жобасын тезірек аяқтағанша асық. Хас шебердің қолынан шыққан кез келген туынды шынайылығымен қайран қалдырады. Десе де мына біреуінің шоқтығы биік. Бір қарағанда жаны бардай көрінеді. Айдос Елбасының бірнеше мүсінін жасады. Бүгінде олар музейлерге көрік беріп тұр. Даңқты боксшы Геннадий Головкин де өнерлі жігіттің шабытына арқау болған.

Айдос Есмағамбетов, гиперреалист-мүсінші:

– Головкинді бастағаныма 1 жарым жылдай болған шығар. Бір реті келмей жатыр. Әзірге бұл ермексазбен тұр. Ең басты процесі осы ғой. Бойы – 1 метр 80см.

Сәті түссе, бұл еңбегін спортшыға арнайы табыстауға ниетті. Бұдан бөлек, ол Барак Обама, Дональд Трамп секілді белгілі саясат серкелерінің тұлғасын жасады. Шикізат ретінде кәдімгі ермексаз бен силиконды қолданған. Бірақ жоғары сапалы материалды Қазақстанда табу қиын. Сондықтан әзірге шет елдерден тапсырыс арқылы алдырып жүр. Асқан ыждаһаттылық пен төзімді талап ететін істе Айдосқа іні-қарындасы қолғабыс етеді.

Айдос Есмағамбетов, гиперреалист-мүсінші:

– Мадам Тюссо мұражайларында 15-20 шақты адам жабылып жасайды. Шашын бір адам, көзін бір адам істеп жатады. Бөліп-бөліп мүшелерін жасайды. Сондай команда болғанын қалаймын.

Жалпы мүсіндеме өнеріне шет мемлекеттерде қызығушылық жоғары. Мәселен, Мадам Тюссо музейі. Әлемнің бірнеше қаласында бар. Балауыздан жасалған қуыршақтарды көру үшін жылдың қай мезгілінде де жан-жақтан мыңдаған турист ағылады.

Айдос  былтыр Абайдың 175 жылдығына ерекше тарту жасады. Қазақтың маңдайалды перзенттерін тың тәсілмен дәріптеу анағұрлым тиімді екенін айтады.

Айдос Есмағамбетов, гиперреалист-мүсінші:

– Енді ақ-қара суретті біз қашанғы қарап жүре беруіміз керек? Өйткені шет мемлекеттен туристер келген кезде біздің Абай атамыздың бейнесі қандай болғанын, киімі қандай болғанын бірден көрсету үшін осындай мүсін қажет. Болашақта арнайы музей ашылса екен деймін. Сондықтан басшылар түсінсе екен, оның қаншалықты маңызды екенін.

Алайда қолдау болмаған соң, мұның бәрі сөз күйінде қалып отыр. «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы алда шәкірт тәрбиелеп, оларға бар білгенін үйреткісі келеді. Осылайша, өзі сияқты өнердің жаңа бағытына ден қойған жастардың қатары артса екенін дейді.

Назерке Тоқжан, Арман Ақшабаев