Бакуде «Абайды таны» альбомының тұсаукесері өтті

Бакуде «Абайды таны» атты альбомның тұсаукесері өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Онда түркі елдері суретшілерінің ақын шығармаларына негізделген туындылары енген. Мәдени шараны Халықаралық түркі мәдениеті ұйымы Абайдың 175 жылдығы аясында ұйымдастырды.

Таңдаулы картиналарда Абай шығармаларындағы кейіпкерлерге жан бітіп, көрермендер 19-шы ғасырға саяхаттайды. Қазақ мәдениетімен танысады. Әсіресе, адамның табиғатпен үйлескен өмірін бейнелейтін пейзаждардан ерекше әсер алады. Бұл – «Абайды таны» альбомымен танысқан көпшілік пікірі. Жинақтың көп бөлігінде ұлы ойшылдың суреттері бейнеленген.

Дүйсен Қасейінов, ТҮРКСОЙ бас хатшысы:

– Хәкім Абай – қазақтың ұлы ойшыл ақыны. Мен еліміздің біртуар тұлғасы туралы тұңғыш президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың айтқанынан артық жеткізе алмаспын. Елбасы «Абайды таныған адам қазақты таниды яғни бүкіл түркі әлемін біледі» деген еді.

Абай жылы Әзербайжанда ақын шығармаларының бірнеше жинағы жарық көрді. Әзербайжан халқы қазақ классигінің туындыларымен етене танысуы үшін тілтанушылар мен әдебиетшілер бірнеше жыл тынымсыз еңбек еткен.

Гюнай Эфендиева, Түркі мәдениеті мен мұралары қорының президенті:

Абай халықтарды біріктіруші тұлға. Жалпы, түркі әлемінің кез келген көрнекті тұлғасына қатысты осыны айтуға болады. Өйткені олардың шығармалары түркі халықтарын ынтымақтастыққа шақырады.

Кездесу аясында өзге де іс-шаралар ұйымдастырылды. Ағартушының еңбектерін насихаттауға үлес қосқан әзербайжандық ғалымдар, абайтанушылар мен қоғам қайраткерлері мақтау қағаздары және Абайдың 175 жылдығына арналған мерейтойлық медальдармен марапатталды.

Автор: Айгюн Гасан