«Қасым хан» сериалын түсіру барысында 30 млн теңгеге жуық ақша ұрланған

Мемлекет қаржысын талан-таражға салғандар мәдениет пен өнер саласында да көп, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ақтаудағы Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театрдың экс-директоры бюджеттің қаржысын жымқырды деп айыпталды. Күдікті театрда жұмыс істемейтін танысының есепшотына жалақы аударып келген. Оның 1 млн 402 мың теңгені қолды еткені анықталды.

Наргиз Бекмағанбетова, тілші:

- Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық-драмалық театрының экс-директоры бюджет қаражатын жымқырды деп айыпталды. Енді күдікті ақшаны 10 есе мөлшерде қайтаруы тиіс. Ол 14 млн 21 мың теңге айыппұл төлеуге міндеттелді. Сонымен қатар мемлекеттік қызметке оралуына мүлдем тыйым салынды.

Аслан Атшыбаев, ҚР СЖҚІҚА өңірлік департаментінің тергеушісі:

- Театр директоры Мұқанов 2018-2020 жылдар аралығында өзінің жеке автотұрағында қызмет атқарған азаматшаға жалақы төлеп келген. Лауазымды тұлға өзінің қылмыстық іс-әрекетін толықтай мойындап, мемлекетке келтірілген залалды өтеген жағдайда айыппұл түрінде жаза қолданылу қарастырылған. Бұл айыппұл 1 ай мөлшерінде сот үкімімен мемлекетке өндірілуге жатады.

«Қасым хан» сериалын түсіру барысында 30 миллион теңгеге жуық ақша ұрланғаны дәлелденді. Енді «Қазақфильм» акционерлік қоғамның «Қасым хан» киножобасының экс-директоры екі жылға сотталады. Осы іске қатысы бар екі қызметкердің бас бостандығы үш жылға шектеліп, 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тарту жазасы тағайындалды.

Мырзахан Жақсылық, Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеу департаментінің ресми өкілі:

- «Қасым хан» тарихи сериалының түсірілімінде 30 миллионға жуық теңге сомасындағы бюджет қаражатының ұрланғаны дәлелденді. Келтірілген залал сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезеңінде толық көлемде өтелді. Сот айыпталушыларды ҚР ҚК 189-бабы 3-бөлігі 1,2-тармақтары бойынша Ахметов К.С және өзге заңды тұлғалар кінәлі деп танылды.

Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылы 75 бөлімнен тұратын «Қасым хан» сериалы түсірілетіні белгілі болған еді. Жобаға бюджеттен 11 млрд теңге бөлінген.

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова