Қарағанды облысында «Қасиетті Ұлытау» фотоальбомы жарық көрді

Қарағанды облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қасиетті Ұлытау»фотоальбомы жарық көрді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сурет топтамасынан тұратын кітаптың мөлшері бастапқыда 1 мың данамен шығарылған. Туристерге арналған құрал жақын арада облыстың барлық білім мекемелері мен кітапханаларына жеткізілмек. Ұйымдастырушылар фотоальбомға арналған материалды 4 жыл бойы жинақтаған. Сонымен қатар суретшілер құтты мекеннің 200-ге жуық көрікті жерін арнайы фотоаппаратқа түсіріп алған.

Естеріңізге сала кетейін, Ұлытау ауданын Қазақстанның рухани һәм мәдени киелі жеріне айналдыру мақсаты бар. Ұлт ұясы Ұлытауда мемлекет қорғауындағы 700-ден астам тарихи ескерткіштер шоғырланған. Аймақ облыстың туристік орталығына айналуы үшін Мемлекет басшысының тапсырмасымен арнайы туристік орталықтар салынып жатыр. Қазірдің өзінде Ұлытауға жыл сайын орта есеппен 16 мың турист келетін көрінеді.

Бақтияр Қожахметов, «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейінің директоры:

- Бізге маңыздысы, бұл тарихи орталық. Мұнда қазақ мемлекетінің құрылуына қатысты орталық болған. Барлық хандар осында болған. Сондықтан біз осы фотоальбомды шығарып отырмыз. Осы фотоальбом арқылы кез келген турис бүкіл мәліметті алады. Осының ішінде Жошы ханды алсақ, сапар орталығынан барлық ақпаратын ала алады.