Семейде «Ақ орамал» көрмесіне қырық жыл бойы сақталған кимешек қойылды

Бүгін халықаралық Орамал күні. Осыған орай Семейде «Ақ орамал» көрмесі өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көпшілік назарына қырықтан астам бұйым қойылды. Әрқайсысы өзіндік тарихымен ерекше. Арасында тіпті қырық жыл бойы сақталған киелі кимешек те бар.

Айша бибі мәдени орталығы орамалдар көрмесін осымен екінші жыл қатарынан өткізіп отыр. Әсіресе, орталық жетекшісі Айман Боқбасарованың бұл жерге әкелетін көне орамалдары жетерлік. Жалпы саны жетпістен асып жығылады. Көбі отбасылық мұра болса, біршамасы сыйға келген. Орамалға бай әже оның сырына да қанық. Айтуынша, бағзыда қыздарына жасауын берер кезде бес жүз бас жылқыға орамал сатып алған бай манаптар да болыпты. Ал сары түсті орамалдың жөні тіпті бөлек екен.

Айман Боқбасарова, Айша бибі мәдени орталығының жетекшісі:

– Мысалы сары түсті орамал туралы көпшілік біле бермейді. Қазақ әйелдері ешқашан қара орамал тақпаған. Сондықтан ертеде қаралы күндері ата-әжелеріміз сары түсті орамал тартқан.Осылайша қайтыс болған адамның жылдығы өткенше сары орамалды басынан тастамаған.

Көз тартар көрмеде тақиялар мен кимешектер де кездеседі.

Камшат Әбделдинова, Айша бибі мәдени орталығының өкілі:

– Бұл жүзге келген әжемнің кимешегі, аман-есен ауырмай жүргеніміз, осы кісінің батасы шығар деп ойлаймын, бәрі тозса да, шүберек тозбайды екен, қырық жыл болды.

Бақытжамал Балтабайқызы, Айша бибі мәдени орталығының мүшесі:

– Ақ орамал деген әр уақытта өзінің ақтығымен, пәктігімен өмірге келген орамал, сондықтан орамалымыз басымыздан түспесін, бақытты болайық.

Осы шара арқылы қазақ әйелі үшін тазалық белгісі – орамалдың қасиетін, қадірін насихаттағымыз келді дейді қариялар. Көрме соңы әуезді ән шашуға ұласты.

Эльмира Ахметова,Әсем Өтешова, Берік Жобалайұлы