Елордада жазушы Сәбит Досановтың әдеби кеші өтті

«Арманым көп, аз өмірім жетер ме?». Бүгін осындай тақырыппен елордада белгілі жазушы, драматург Сәбит Досановтың әдеби кеші өтті.

Жаны ақын, жалауы жыр Сәбит Досанов бүгінде сексеннің сеңгірінен асты. Мемлекеттік сыйлық лауреаты және Парасат орденінің иегері. Тырнақалды туындысы «Қайырлы таң» очерктер мен әңгімелер жинағы 1966 жылы жарық көрді. Бұдан кейін «Соны іздер» әдеби-зерттеу еңбегі жарияланды. Кейін көркем жанрға бет бұрып, бірнеше повесть пен романдарын өз оқырмандарына ұсынды. Жазушының «Жиырмасыншы ғасыр» эпопеясы өткен ғасырдың өмірбаяны. Ондағы кейіпкер 20-ғасырдағы қазақ ұлты. Ұлттық портретті жалғастыра келіп, Сәбит Досанов «Жиырма бірінші ғасыр» жаңа эпопеясының екінші томында бүкіл әлемді жайлаған пандемия жөнінде де жазатынын айтты. 

Сәбит Досанов, жазушы:

- Өткен жылы мен енді 80-ге келдім. Сол 80 жылдық тойым менің Алматыда Абай атындағы опера және балет театрында өтті. Оған біздің елбасымыз Назарбаев, Мемлекет басшысы Тоқаев бәрінің құттықтаулары болды. Той өте жақсы өтті. Оны бір газеттер жазды: Опера театрында бірінші рет адам сыймай қалды деп. Ең үлкен көрсеткіш осы. Халықтың құрметінен үлкен құрмет жоқ. Атақтың біразын алдық ғой.