Маңғыстаулық оқушы шығарған анимэ фильмдердің танымалдығы артып келеді

Арманы асқақ жас аниматор. Маңғыстаулық оқушы Азиза Нұрланқызы жасаған анимациялық мультфильмдердің танымалдығы күн санап артып келеді. Дарынды қыз Ақшұқыр ауылындағы мектеп-гимназияның 9-шы сыныбында оқиды. Жастайынан қобыз тартып, сурет салуға ден қойған жеткіншек өнер академиясына түсуді армандайды. Бұл оқушы ұмытылып бара жатқан қазақ ертегілеріне жан бітіріп, қазақстандық мультипликация қорын тың дүниелермен толықтыруды мұрат еткен.

Азизаның бейнелеу өнеріне ерекше қабілетін байқаған гимназия мұғалімі алдымен ұялы телефонда, кейін компьютерде түрлі графикалық бағдарламаларды қолдану арқылы сурет салуды үйреткен. Қазіргі уақытта өз шәкіртінің кезекті өнер байқауына авторлық еңбегін ұсынуына дайындап жүр.

Айтуынша, талантты оқушыға қаржылау қолдау табылса, мектеп қабырғасында анимациялық студия ашуға болады.

Амангүл Төлепова, М.Әбдіхалықов атындағы мектеп-гимназия мұғалімі:

- Азизаның мақсаты - қазақтың ұлттық құндылықтарын дәріптейтін, отбасылық құндылықтарды дәріптейтін жас баланы бойына жақсы қасиеттерді беру мақсатында мульфильмдер ойластырып шығару, соларды бейнелеу. Қазіргі таңда біз Азиза екеуміз «Мамандық әлеміне жол ашамыз» байқауына дайындалып жатырмыз. Мұнда «Осындай мамандық бар» деген номинация бар. Оған бейнеролик, слайд жасау керек және сол таңдаған мамандығыңды қорғау керек. Бұйырса, 9 ақпан күні облыс деңгейінде өтеді.

Екі жыл бұрын ата-анасы Азизаға графикалық сурет салатын планшет сыйлаған. Осыдан бастап дарынды жеткіншек үй жағдайында бірнеше анимациялық мультфильм әзірлеп, түрлі байқауларда топ жарды. Мәселен, былтыр «Қазақстан балалары шексіз әлемде» сайысының облыстық кезеңінде Мұқағали Мақатаевтың «Аққулар ұйқтағанда» атты поэмасына жан бітірген еңбегі жүлделі ІІ-орынға лайық деп танылған.

Азиза Нұрланқызы, әуесқой аниматор:

- Жапон елінде «анимэ» дейді ғой. Соларға қызығатын едім. Қазақстанда да анимация салатын жерлер бар. Бірақ, олар аз. Оларды дамытып, қазақ мультфильмдерінің сапасын көбейтіп, әлемдік деңгейге шығарғым келеді. Батырлар жырларын. Қазақ халқы баяғы кезде бала тәрбиесінде ертегілер айтып, тәрбие берген. Қазіргі кезде ешкім ертегі айта бермейді. Қағаз бетінде қалып қойған ертегілерін анимация түрінде жарыққа шығарғым келеді.

«Сегіз қырлы, бір сырлы» оқушы қобызда шебер ойнайды. Бұған дейін туған ауылында Мұрын жырау Сеңгірбекұлы атындағы өнер мектебінде қобыз сыныбын үздік бітірген. Қазір музыкалық қабілетін жаңа туындыларын дыбыстау жұмыстарына қолданып жүр. Демек, қазақтан шыққан тұңғыш мультипликатор-аниматор Әмен Қайдаровтың ізін жалғаушы маңғыстаулық өрен бағындыратын асулар әлі алда.

Авторлар: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев

Сондай-ақ...