ШҚО-дағы әйелдер колониясында М.Мақатаевтың 90 жылдығына орай поэзия кеш өтті

Шығыс Қазақстандағы әйелдер колониясында Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арналған поэзиялық кеш өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жазасын өтеп жатқан қыз-келіншектер арқалы ақынның сыр мен сезімге толы өлеңдерін оқып, мол мұрасымен жақынырақ танысты. Түзету мекемесінде 200-ден астам қыз-келіншектер жазасын өтуде. Олардың көпшілігі ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандар болып табылады.

Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арналған әдеби кешті сотталған қыз-келіншектердің өздері ұйымдастырыпты. Поэзиялық басқосуға барынша әзірленген олар тиісті костюмдеріне дейін өз қолдарымен тігіп, актрисалық шеберліктерін көрсетуге тырысқан.

Мира Саирова, жазасы өтеуші:

– Былай қарағанда бұл өткен жылғы Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған челлендждің жалғасы деуге болады.Біз осылайша осында өз арамызда қазақ әдебиетіне деген қызығушылығымызды арттырып, білімімізді шыңдауға ден қойып жүрміз.

Кешке қатысушылар ақынның өлеңдерін оқып, оған жазылған әндерді орындап, би билеп, қысқа сахналық қойылымдар көрсетті. Осылайша «Өмірді жырлау үшін келген» тау тұлғаның шығармашылығынан шабыт алып, серпіліп қалды.

Зульфия Каримжанова, тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыс бойынша бөлім басшысы:

– Бұл шараларға жазасын өтеушілер аса бір үлкен ынтамен қатысады. Өйткені осы арқылы өздерін рухани дамытады. Осындай белсенділіктері олардың мерзімінен бұрын бостандыққа шығуына да ықпал етеді.

Ғалымжан Балтабаев, ШҚО ҚАЖД бастығының орынбасары:

– Сотталғандарға білім беру және мәдени тұрғыдан дамыту, сондай-ақ сотталғандардың писхологиялық эмоционалды дамыту мақсатында демалыс және мереке күндері түрлі байқаулар өткізіледі. Мекеменің негізгі қызметі сотталғандарды тәрбеиелеуге және одан әрі босатуға дайындауға бағытталған.

Жармадағы әйелдер колониясында жалпы 200-ден астам нәзік жандылар жазасын өтеп жатыр. Олардың арасында есірткі заттарын сақтаған немесе оны өткізген тіпті террористік пиғылдағы ауыр қылмысқа барғандары да бар. Қайткенмен де, жаза басқан жандар жақсылықтан үмітті.

Эльмира Ахметова,Әсем Өтешова, Берік Жобалайұлы